Түркияның Стамбұл қаласында өткен келіссөздердің үшінші раундында Украина мен Ресей тағы да тұтқын алмасуға келісті. Соғысушы тараптар бұл жолы 1200 тұтқынды босатуға уағдаласты. Бұдан бөлек, соғыста қаза тапқан сарбаздардың денелері де отбасыларына табысталмақ. Бас-аяғы 40 минутқа ғана созылған келіссөздер барысында Ресей онлайн форматта үш түрлі жұмыс тобын құру туралы ұсыныс білдірді.
Жаңа топтар саяси, әскери және гуманитарлық бағытта жұмыс істемек. Украина бұл бастаманы қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Украина жағы атысты толық тоқтату үшін тамыз айында екі ел Президенттерінің тікелей кездесуін өткізуді ұсынды.
Хакан Фидан, Түркияның сыртқы істер министрі:
Бұл келіссөздердің басты мақсаты — атысты тоқтату. Тұтқын алмасу механизмін біріздендіріп, жеңілдету үшін Түркия қолдан келген көмегін аямайды. Біз Стамбұлдағы келіссөздер арқылы бейбітшілікке жету жолында дипломатия мен диалогтың соғыс пен қару-жарақтан әлдеқайда тиімді екенін көрсетіп отырмыз.
Айдос Әшімұлы
