Ресейдің Амур облысында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ан-24 ұшағының құлауынан 48 адам қаза тапты. Оның бесеуі — бала, алты адам экипаж мүшесі. «Ангара» әуекомпаниясына тиесілі әуе кемесі Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша ұшып бара жатқан. Апат Тында әуежайынан бірнеше шақырым жерде орын алып, сол маңда ұшақпен байланыс үзілген.
Кейін Тында қаласынан 15 шақырым жерден ұшақтың бөлшектері табылды. Ан-24 ұшағы шамамен 50 жыл бұрын Авиант авиациялық зауытында шығарылған. 2018 жылы бұл ұшақ Иркутск облысындағы Бодайбо әуежайында зақымданған, бірақ қолданыстан шығарылмаған. Алдын ала болжам бойынша, апатқа техникалық ақау немесе ұшқыштардың қателігі себеп болуы мүмкін. Қайтыс болған жолаушылардың туыстарына өтемақы төленеді.
Игорь Смирнов, Амур облысы бойынша ТЖМ бас басқармасының бастығы:
Ұшақ таудың баурайында құлаған. Жету өте қиын болды. Оқиға орнында төтенше жағдай қызметкерлері мен аэромобильді топ жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, жедел желі іске қосылды.
Индира Бегайдар
