Түркістанда ағын суды бөлуді үйлестіру жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда ағын суды бөлуді үйлестіру жұмыстары басталды

23.07.2025

Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында ағын суды бөлу, егістік алқаптарға жеткізіп беру жұмыстары басталды. Мұнымен Су ресурстары және ирригация министрлігінен келген арнайы топ айналысады. Мәселен, қазіргі таңда Жетісай ауданында күрішке бұрылған су тоқтатылып жатыр. Бұл өз кезегінде мақта алқаптарына су жеткізуге сеп болады. Суару маусымы басталғалы Жетісай ауданының шаруаларына 400 млн текше метрден астам ағын су жеткізілді. Қазіргі таңда ауданға «Достық» каналы арқылы тәулігіне 90 текше метр су келіп жатыр. Соның нәтижесінде арнаның төменгі бөлігінде орналасқан мақта алқаптары суарыла бастады. Құзырлы министрлік мамандарынан құрылған жұмыс тобының ұсынысымен ағын суды тиімді пайдалану, кезекпен алу және түнгі уақытта суару жұмыстары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек «Машиналық әдіспен су көтеру каналын» механикалық тазарту қолға алынды. Бұл жұмыстар шілденің 25-не дейін аяқталады. Соның арқасында каналдарға қосымша секундына 10 текше метр су жіберіледі. Бұл су тапшылығы мәселесін шешуі мүмкін.

Серік Тойтанов, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы директорының орынбасары:

Қазір механикалық тазалаудың нәтижесінде тағы да 2 немесе 3 насосты қосуды жоспарлап отырмыз. Ол – төмендегі су жетіспеушілігі туындап отырған К-34, К-25, К-30, К-38-шы каналдардың төменгі сағасының мәселесін шешеді деп жоспарлап отырмыз.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу