Қостанай облысында орталықтандырылған су жүйесінің жұмысы қазір тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында орталықтандырылған су жүйесінің жұмысы қазір тоқтап тұр

23.07.2025

Қостанай облысы Қарабалық ауданына қарасты үш ауылдың тұрғындары үш айдан бері суды құдықтан тасып ішуге мәжбүр. Орталықтандырылған су жүйесінің жұмысы қазір тоқтап тұр. Бұған себеп әкімдік пен мердігер арасындағы – дау. Мәселе қашан шешіледі? 

Станционное, Приурал және Ворошилов ауылдарына 2022 жылы орталықтандырылған су жүйесі тартыла бастады. Бұл ауылдарда 1500-ге жуық адам тұрады. Биыл маусымның 30-ы жұмыс толық аяқталып, нысан қабылдануы тиіс еді. Алайда уәде етілген мерзім өтсе де, жұртшылық әлі күнге дейін суға жарымай отыр.

Зәуре Батталова, Станционное ауылының тұрғыны:

Бұған суды кеп құйып кетеді. Бұны енді қанша адам алады. Қараңыздаршы. Көшеде қаншама үй бар. Түбінен лай су шығады. Бәріне жете бермейді ғой. Бау-бақша, мал бар.

Тұрғындардың айтуынша, мердігер қыста 6 ай бойы су беріп келген. Алайда жұмысынан қайта-қайта ақау шыққан.

Владимир Шмидтке, Станционное ауылының тұрғыны:

Қыс бойы су тоқтаумен болды. Техника жұмыс істеп жатқан соң, ақау шыққаны белгілі ғой. Енді халықтың бір бөлігі қандай ақау болмасын, суды қосып беруді өтініп отыр. Алайда мен өз басым бұған қарсымын.

Жалпы жоба құны – 1,7 млрд теңге. 60 шақырымға жуық құбыр тартылған. Аудан әкімдігінің айтуынша, мердігердің жұмысы сапасыз, сондықтан нысан қабылданбай отыр.

Ерлан Әбілов, Қарабалық ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Станционное мен Приурал құбырында 80-нен астам коммуналды апат болды. Оны жөндеу барысында тапсырыспен келісілмеген, талапқа сай келмейтін материал қолданылған. Осыған орай нысан қабылдауға әлі келмейді. Суды беру және өшіру ол мердігердің шешімі бойынша жасалған болатын.

2024 жылы басталған сот процессінің шешімі шілде айының соңында шығуы тиіс. Ал мердігер шалған қоңырауға жауап бермеді.

Әзірге ауылдарға 7 және 9 кубтық осындай екі техника су тасиды.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу