Астанада Париж театрының гастролі аншлагпен өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Париж театрының гастролі аншлагпен өтті

31.07.2018

Астанада Париж ұлттық опера театрының өнер сапары аншлагпен өтті. Төрт күн бойына франциялық балет жұлдыздары көрерменге ғажайып рухани азық сыйлады. «Гала де Пари» деп аталған салтанатты кеш елорданың 20 жылдығына арналды.

Кеш шымылдығы «Раймонда» балетінің үзіндісімен ашылды. Сахнада сән мен сұлулықтың символы саналатын Париж атмосферасы салтанат құрды. Өйткені, балет көркем би, ғажап әуенмен қоса, бірегей дизайнерлік киімдерімен де ерекшеленді. Француз артистері «Balmain» жоғары сән үйінің эксклюзив костюмдерімен өнер көрсетті. Арнайы жобаға франциялық 14 жұлдызбен қоса, «Астана Опера» оркестрінің 70-тен астам өнерпазы да қатысты. Оған ресейлік маэстро Владимир Ланде дирижерлік етті. Әйгілі артист әрі «Гала де Пари» жобасының көркемдік жетекшісі.

Владимир Ланде, Краснояр ака демиялық симфониялық оркестрінің бас дирижері:

- Париж опера театрының Астанаға келуінің өзі үлкен оқиға. Әлемдегі жетекші театрлардың осында жиі келуі мені таңғалдырды. «Астана Опера» - керемет театр. Оркестрі де жеңіл, жылдам, кәсіби ұжым. Кеш жақсы өтіп жатыр. Кеше бір көрерменнің «Осыдан кейін өмір сүргің келеді» дегенін естіп қалдым. Бұл біз үшін құнды пікір.

Қойылымға ерекше музыка тілі таңдалыпты. Үлкен туындылардың үздік миниатюраларына Чайковский, Мендельсонның шығармалары арқау болған. Париж ұлттық опера театры – әлемдегі ең көне өнер ордасы. Биыл 350 жыл толып отыр. Летиция Пюжоль, Сэ Ын Пак, Франсуа Алю секілді жарық жұлдыздардың шеберлігі  астаналық көрермендерді де бейжай қалдырмады.

Темірбек Оразбаев, көрермен:

- Астанамыздың 20 жылдығына жыл бойына неше түрлі мәдени бағдарламалар өтіп жатыр. Соның бірегейі десе де болады. Осы «Астана Опера» театрына келушілерге билет болмай жатыр. Әсіресе, балетке.

Салтанатты кеште француз хореографы Себастьян Бертоның «Ренессанс» шығармасының премьерасы көрсетілді. «Манфред», «Корсар» балеттерінен үзінді ұсынылды. Сөйтіп, Париж ұлттық театрының бекзат өнер иелері көрерменге естен кетпес мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу