ШҚО-ның Ақсуат ауылында «Туған жерге туыңды тік!» атты халықаралық айтыс өтті

30.07.2018

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында «Туған жерге туыңды тік!» атты халықаралық айтыс өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған мәдени шараға өз елімізбен қатар Моңғолия, Қытай, Қырғызстанның үздік айтыскер ақындары да қатысты. Алқалы жыр бәйгесінде бас жүлдені Серік Қуанған иеленді.

Өңірді дүбірлеткен халықаралық айтыс Астана қаласының 20 жылдығы мен ауданның 90 жылдығына арналды. Ұлттық өнерді ұрпаққа паш еткен орақ тілді ақындар бұл жолы да орамды ой, келелі сөз айтты.    

Нұржан Өмірбаев,  айтыскер ақын:

- «Туған жерге туыңды тік!» деп аталатын бүгінгі елдің тойы шынымен де елдің рухын асқақтатып, ауылда да әлі өлмес рухтың, қадірлі қасиеттің, қайнаған қазанның, жайнаған ажардың бар екенін бір дәлелдеп жатқандай.

Жыр додасында ақындар туған жер, елге құрмет, ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтау сынды өзекті тақырыптарды көтерді. Ұлық өнер талғамы биік көрерменнің көңілінен шықты.

Ұйымдастырушылар айтысты өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр. Шара барысында «Тарихқа толы Тарбағатай» кітабы таныстырылды.

Бұл жолы 12 ақын сынға түсті.  Өнер бәсекесінде жыл сайынғы 200 мың шәкіртақыны  Жансая Мусина алды. Мейірбек Сұлтанхан, Нұржан Өмірбаев пен Аспанбек Шұғатаев үздік танылды. Ал, бас жүлде  Серік Қуанғанның еншісінде кетті.  

Рысгүл МАДВАСОВА

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу