Туған жерге туыңды тік

04.09.2019

Ауылды көркейтетін - азаматы. Сыртта жүрсе де түлеп ұшқан мекеніне қаржы құйып, әлеуметтік ахуалын көтеруге атсалысып жүргендер көп. Солардың қатарында Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы Қарасу ауылының перзентері де бар. Мұнда тұрғындар қаржысына имандылық үйі мен спорт алаңы салынды. Бастамашыл азаматтар бұл ауылды көркейту үшін атқарылар жұмыстың басы болғанымен соңы емес дейді. 

Ой-шұқыры көп шаңдақ көшеде доп теуіп дағдыланған ауыл балаларына бұл нысан бастапқыда таңсық көрінген. Қазір бойлары үйренді. Табаны тегіс, жасанды шөп төселген, талапқа сай алаңда өздерін нағыз кәсіби футболшыдай сезінеді. Жарыс алдында жаттығады, бос уақыттарында да келіп ойнайды. 

Оралхан Қалижан, оқушы: 

Бұрын біз көшеде ойнайтынбыз. Машиналар добымызды басып кететін еді. Қақпа орнына кірпіш қоятынбыз. Штанга, перекладина дегенді білмейтін едік. Қазір енді мынадай алаң салынды. Күнде осыған ойнаймыз. 

Сыртта жүрген азаматтар мен тұрғындар алты млн теңге қаржы жинап бұл спорт нысанын былтыр тұрғызған. Мұнымен шектелмей, ақылдаса келе имандылық үйін салуға шешім қабылдады. Әркім өз мүмкіндігінше ортақ іске қаржы қосты. Сөйтіп көктем шыға құрылыс басталды. 

Бақытбек Абатов, Қарасу ауылының тумасы:

Туған жерге туыңды тік дейді. Туған жерді ұмытуға болмайды. Ақсақалдар, ауыл адамдары осы қарқынмен мешіт салсақ қайтеді деп бастама көтерді. Алла сәтін салып мешітіміз бітіп жатыр.  

Жаңа нысанның құрылысына 16 млн теңге жұмсалды. Аумағы 170 шаршы метрге жуық. Күмбезін қосқандағы биіктігі алты метрден асады. Өз күштерімен екі бірдей жаңа нысанды тұрғызған қарасулықтар, алдағы күнге де жоспар құрып, білек сыбанып отыр.

Мұхтар Бейсекеев, Қарасу ауылының тұрғыны:

Енді балабақша болса. Себебі бізде туу көрсеткіші жақсы. Ешкім ешқайда көшіп кетіп жатқан жоқ. Ауылымыз күре жолдың бойында. Сондықтан шаруаға жайлы. 

Әйтсе де тұрғындардың өз күші жетпейтін нәрселер де бар. Мысалы, ауылдағы су құбыры әбден тозған. Соның кесірінен су тәулігіне екі-ақ сағат беріледі. Желіні жаңартуға әзір бюджеттен тиісті қаржы бөлінбей отыр. Мыңға тарта тұрғыны бар елді мекендегі шешімін таппаған ең өзекті мәселенің бірі - осы. 

Дәуренбек ӘБДІБЕК 


Хабарламаларға жазылу