
«Министрге хат» акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінен 235 хат келіп түсті. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Министрдің айтуынша, келіп түскен әр хат мұқият оқылып, назарға алынған.
«Еліміздің әр өңірінен келген хаттардың әрқайсысын зейін қойып, асықпай, мұқият оқып шықтым. Ашық жазылған ұсыныс-пікірлер, жүрек жарды тілектер мен таза, балалық ойлар мені қатты толғандырды. Хаттарды оқи отырып, ата-ана ретінде қуаныш, мұғалім ретінде балаларымыз үшін мақтаныш сезім бойымды биледі», - деді Ғани Бейсембаев.
Министр әсіресе Тараз қаласындағы №66 мектептің 7-сынып оқушысы Артем Погореловтің хатына ерекше тоқталды. Ол патронаттық отбасында тәрбиеленіп, қазақ мектебінде білім алып жүр. Артем – мектеп жаңалықтарының жүргізушісі, болашақта журналист болуды армандайды.
«Өз хатын Артем «Ғани әке…» деп бастапты. Сөздері де, сезімі де шынайы, жүрекке жылы тиді. Бұл хатты бірнеше рет қайталап оқып шықтым. Айналайын, Артем! Егер осы жазбаны оқып отырсаң, өзіңмен Астанада кездесуді жоспарлап отырмын. Сол кездесу өзің айтқандай әке мен бала арасындағы ашық әңгіме болады деп сенемін», - деп жазды министр.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бұл акция балалармен шынайы әрі мағыналы диалог орнатуға жол ашқан.
«Олар тек орынды сұрақ қойып қана қоймай, жауабын табуға да ұмтылған. Ең бастысы бізге, яғни үлкендерге сенеді. Бұл сенім – жүректен шыққан сөздің кәусар бұлағы. Қарапайым армандардан басталған бұл бастама міндетті түрде жалғасын табуы тиіс», - деп жазды ол.
Министрдің мәлімдеуінше, хаттарда көтерілген мәселелер бойынша қазір нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өтініштер жүйеленіп, пысықталуда. Кейбір мәселелер бойынша алдағы уақытта қоғамдық талқылаулар мен пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылмақ.
«Хаттағы әр ой, әр ұсыныс – біз үшін бағыт әрі бағдар. Әр балаға шын жүректен алғыс айтамын», – деді министр.
