Адам тәріздес роботтар енді ұша алады. Ғалымдар өткізген алғашқы сынақ сәтті өтті. Ал әлемдегі бір адам ғана сиятын кішкентай көлік туралы естіп пе едіңіз?
Алғаш рет адам тәріздес робот ұшты. Мұндай тәжірибені Италия технология институтының ғалымдары өткізді.
Небәрі 50 сантиметрге көтерілсе де, бұл гуманоид ауада тепе-теңдікті жақсы сақтап, жерге сәтті қонды. Роботтың қолы мен арқасында төрт шағын реактивті қозғалтқыш орналасқан. Ал қаңқасы титаннан жасалған. 800 градус ыстықа төзеді. Мамандар темір техниканы тағы да сынап көріп, келешекте төтенше жағдайда қолдануды көздейді.
Даниэле Пуччи, жоба жетекшісі:
Цунами, өрт немесе жер сілкінісінен кейін қауіпті жерлерге жедел жетіп, көмек көрсете алатын техника жасағымыз келеді. Робот құтқару жұмыстары үшін өте маңызды болар еді.
Ал «Amazon» қоймаларында 1 миллионнан астам робот жұмыс істейді. Олар онлайн дүкенге келген тапсырысты сұрыптап, тап-тұйнақтай етіп, қорапқа салады. Тауарын алып кетуге келген адамға қызмет көрсету де соларға жүктелген. Қазір қоймада жұмыс істейтін роботтар мен адамдардың саны теңесіп қалған. Бірақ компанияның бас директоры Энди Джасси жуырда штатты қысқартып, адамдардан гөрі роботтарды қызметке көбірек алатынан айтқан.
Бұл - әлемдегі ең кішкентай автокөлік. Peel P50 моделі. Өткен ғасырдың 60-жылдарында шыққан автомобиль ерекше атағын әлі күнге дейін сақтап келеді. Оның ұзындығы 137 см, ені 104, ал биіктігі 120 см. Небәрі 59 келілік көлікті адам өз қолымен ары-бері бұра алады. Ол бастапқыда тек қалада жүруге арналып шығарылған. Бүгінде бұл көліктің түпнұсқа үлгілері музейлерде немесе жекеменшік коллекцияларда сақтаулы. Ал олардың аукциондағы бағасы 100 мың долларға дейін жетеді. Кейін баға бұдан да өсуі мүмкін.
Темірлан Нұрсолтан
