Өртпен күресетін дрондар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өртпен күресетін дрондар

03.07.2025

Өртпен күресетін дрондар

Орман өрттерін анықтауға дрондар көмектеседі. Құрылғы ауа температурасы мен ылғалдылықты анықтайды. Ал Швейцарияда зерттеушілер электронды қалдықтарды тиімді пайдаланып жатыр.

Бұл орман өрттерін анықтап, бақылауға арналған дрон. Бірақ пішіні дәстүрлі дрондардан гөрі зымыранға келеді. Оны Стэнфорд және Линчёпинг университетінің зерттеушілері жасап шығарған. Төтенше жағдай болса, техника орман үстінен ұшып, ауа температурасы мен ылғалдығын анықтайды. Айналаны сканерлеп, мәліметтер жинап, оны операторға жібереді. Жеңіл материалдардан жасалған дрон 60 метр биіктікке дейін ұшады.

Мохаммед Даниш, Стэндфорд университетінің студенті:

Дрон орман ішінен еркін өтеді. Сондай-ақ, өрт сөндірушілерге салмақ түсірмес үшін оны мейлінше жеңіл материалдардан жасап, ықшам еттік.

Жанкүйерлерге арналған ЖИ жүйе

Ағылшын Премьер-лигасы мен Microsoft жанкүйерлерге арналған жасанды интеллект платформасын іске қосады. Copilot жүйесін енгізеді. Енді футбол сүйер қауым клубтар, ойыншылар мен матчтар туралы деректерді тез таба алады. ЖИ 30 маусымнан көп статистика, 300 мың мақала мен 9 мың бейнероликке сүйене отырып, нақты ақпараттар мен сараптамалар ұсынады.

Қоқыстағы сирек кездесетін элементтер

Қоқысты да тиімді пайдалануға болады. Цюрих университетінің зерттеушілері электронды қалдықтардан сирек кездесетін элементтерді жаңа әдіспен бөліп алып жатыр. Негізі сирек элементтерді ажырату өте күрделі әрі көп қаражат қажет ететін процесс. Экологияға да зиян. Алайда зерттеушілердің шешімі бұл үдерісті қарапайым әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді. Енді олар бұл технологияны өнеркәсіпке енгізуді көздеп отыр.

Темірлан Нұрсолтанов


Хабарламаларға жазылу