Енді роботтар да спорттық шараларға қатысады. Қытайда темір техникалар футбол ойнап жарысты. Ал Нидерландтық компания жасанды интеллектіге бет бұрып, 300 қызметкер жұмыссыз қалды.
Бейжіңде роботтар доп теуіп сайысты. Алғаш рет адам тәріздес техникаларға футболдан турнир ұйымдастырылды. Бойы шамамен 1,5 метр болатын гуманоидтар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Әп-сәтте шешім қабылдай алады. Сүрінсе де, қайта тұрып доп қуалайды. Темірлер тартысында Тсиньхуа университетінің роботтары жеңді.
Доу Цзин, Robo League ұйымдастыру комитетінің басшысы:
Бұл жарыс еліміз үшін маңызды бастама ғана емес, роботтарды қоғамға бейімдеудің тиімді жолы. Жаңа формат өзара ғылыми ықпалдастықты дамытып, технологиялық жаңалықтарға серпін береді деп сенеміз.
Геолокация технологияларымен айналысатын Нидерландтық TomTom компаниясы жасанды интеллектке негізделген жаңа стратегияға бет бұрды. Осылайша жұмыста 300 қызметкер қысқаратынын хабарлады. Бұл негізінен қолданба әзірлеу және сату мен қолдау қызметтерінің жұмысшыларына әсер етпек.
Жалпы, Нидерланд үкіметі ЖИ саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Ел үкіметі Гронинген қаласында жасанды интеллектіге арналған зауыт салмақ. Оның құрылысына 70 миллион еуро бөлетіні хабарлаған. Бұл алаңда ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, энергетика және қорғаныс салаларында қолданылатын ЖИ технологиялары әзірленбек.
Темірлан Нұрсолтан
