«Baqytty bala» ән байқауында Нарғыз Жанұзақова Димаш Құдайбергеннің арнайы сыйлығына ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Baqytty bala» ән байқауында Нарғыз Жанұзақова Димаш Құдайбергеннің арнайы сыйлығына ие болды

05.06.2018

Ақтөбеде алғаш рет «Baqytty bala-2018» балалар ән байқауы өтті. Жас дарындардың талабын шыңдаған конкурсқа Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын шетелдерден өнерпаздар қатысты.   

Байқаудың географиясы кең, жас дарындар Грекия, Ресей, Украина, Өзбестаннан келді. Фестивальдің гала-концертінде  «Голос. Дети» вокалдық конкурсының жеңімпазы Данелия Төлешова мен қазақтың атын әлемге мәшһүр еткен Димаш Құдайберген ән шырқады.

Бұл күнді ақтөбеліктер ғана емес, әлемнің 20 елінен Ақтөбеге арнайы келген Димаштың шетелдік жанкүйерлері де асыға күтті. Олардың арасында 63 жастағы Жаңа Зеландия тұрғыны да бар. Қатерлі ісік ауруына шалдыққан Рэй Уорд Ақтөбеге арнайы келді. Ол «Димаштың әндерін тыңдағанда ауруымнан айыққандай күй кешемін», - дейді.

Рэй Уорд, Димаштың жанкүйері /Жаңа Зеландия/:

Мен Димашты бірінші рет ғаламтордан көрдім, оның орындауындағы опералық әндерді тыңдап, тәнті болдым. 2017 жылдың қыркүйегінде ауруым асқынып, қиналып жүрген едім. Депрессияға ұшырап, жаным күйзеліп жүрген еді. Димаштың әнін тыңдағанда жаным жадырап сала береді. Димаштың дауысы өмірге деген құштарлығымды арттырды.

Екі күнге созылған байқау нәтижесінде жүлдесіз қалған ешкім болмады. «Baqytty bala» халықаралық вокалдық фестиваль-байқауының бас жүлдесін ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова мен оралдық Ержан Максим алды. Әр өнерпазға 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал, бас жүлденің біреуін иеленген ақтөбелік өнерпаз Нарғыз Жанұзақова Димаш Құдайбергеннің арнайы сыйлығына да ие болды. Ол әншінің «Dynasty» атты әлемдік турнесінде бірге өнер көрсетеді. 

Жұлдыз АЛМАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу