Димаш Құдайберген Ұлыбритания астанасында жанкүйерлерімен жүздесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайберген Ұлыбритания астанасында жанкүйерлерімен жүздесті

07.06.2025

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Ұлыбритания астанасында жанкүйерлерімен жүздесті. Осы кездесуде әнші Лондонда өтетін концерті туралы хабарлады. Әншімен болған әдемі кездесу туралы Марина Бекенова тарқатады.

Марина Бекенова, тілші:

Жанкүйерлері жеті жыл күткен жүздесу. Соңғы рет Димаш британиялық тыңдармандарын 2018 жылы жеке концертімен қуантқан болатын. Бірақ бұл жолы толыққанды өнер кеші емес фан кездесу.

Лондонға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған шетелдіктер қазақша сөйледі, ән айтты, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді. Димаштың оларға деген алғысы шексіз.

Димаш Құдайберген, Қазақстанның халық әртісі:

Ол кісілердің көңілдеріне, кіршіксіз, риясыз махабаттарына рақмет айтамын.

Жанкүйерлер жарық жұлдыздың сүйікті тағамынан бастап, фильміне дейін білгісі келіп, сауалдарын жаудырды.

Олга Сабо:

Бірінші рет оны Мәскеудегі концертінде, өткен жылы Стамбұлда көрдім. Бүгін міне Лондондамын.

Самера Абдулла:

Димашты Қытайда танылғаннан бері білемін. Ұйықтағанда құлаққабымда оның әндері ойнап жатады.

Димаш кездесуден бір күн бұрын әйгілі әнші Лара Фабианның концертіне арнайы қонақ ретінде қатысты. Күзде дәл осы алаңда ол өзінің жеке ән кешін өткізеді.

Қанат Айтбаев, Димаш Құдайбергеннің әкесі:

Көзі қарақты, жүрегі ізгі жандардың барлығын сол концертте кездесейік деп шақырамын.

Кездесуде қонақкәде де болды. Димаш танымал әндерін шырқап, інісі фортепианада ойнады.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу