Стамбұл қаласында Абайдың 180 жылдығына орай арнайы кеш өтті. Салтанатты жиында Абайдың шығармалары негізінде сахналық көріністер қойылып, ақынның әндері шырқалды. Студенттердің ұйымдастыруымен өткен концертке Қазақстанның Стамбұлдағы Бас консулдығы мұрындық болған.
Бұл кеште жастар көрерменге Абай шығармаларын түрлі бағытта ұсынды. Ақын туындыларына қатысты студенттердің салған суреттері көрмеге қойылса, киіз үйдің ішіне Абайға арналған өлеңдер топтастырылған. Келген қонақтар кештің ерекше екендігін атап өтті.
Бүлент Алаш, Стамбұл қалалық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:
Мұндай кештер қазақ түрік халықтарының, әсіресе жастардың арасындағы мәдени байланысты бекемдеп, достығымызды тереңдете түсетіні анық. Біз Түркияда оқитын қазақ студенттерге қолымыздан келгенше көмегімізді аямаймыз. Бүгінгі ерекше кештің ұйымдастырушыларына алғысым шексіз.
Жастар ұлы ойшылдың әр шығармасына жаңаша өң беріп, түрлі форматта орындап шықты. Абай әндерін бүкіл зал қосылып айтты. Ал қысқа сахналық қойылымдар арқылы көрсетілген ақын өмірінің әр кезеңі көрерменге жылы әсер етті.
Әбдіуақап Қара, профессор, Түркияда тұратын қазақ:
Абай тек қазақтың ғана ақыны емес, ол – түркі дүниесінің ұлы ақыны. Абай Түркия Қазақстан достығының символдық тұлғасына айналып отыр. Бүгінде соның бір айғағын көрдік. Түркия Қазақстанның мәдени достығына үлкен бір тамшы тамды деп ойлаймыз.
Тілші: Абайдың 180 жылдығына арналған кештің сәтті өтуіне Стамбұлда оқитын студент жастардың барлығы дерлік атсалысқан. Түркияда оқитын шәкірттер осыған ұқсас шараларда жиі бас қосып тұрады.
Аида Балабек, «Бірлік» қазақ жастары ұйымының белсендісі:
Бұл кешке біз арнайы екі ай бойы дайындалдық. Стамбұл қаласындағы барлық университеттерден студенттер қатысты. Және де тек Стамбұл емес басқа да өңірлерден келген студенттеріміз бар. Мысалы, Ескішехирден арнайы айтыс дайындап келген балалар да бар.
Сондай-ақ осы кеште түркиялық оқушылар арасында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көркем шығарма байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Олар енді жазғы демалыста Абайдың туған жеріне саяхаттап бармақ.
Айдос Әшімұлы
