Алматыда Италияның сауда үйі ашылуы мүмкін. Алғаш рет өтіп отырған «Орталық Азия – Италия» саммитінде Мемлекет басшысы алыс-берісті арттыру үшін осындай ұсыныс айтты. Қазақстан Еуропа еліне құны 1 млрд доллардан асатын 100-ден астам жаңа тауар түрлерін ұсына алады. Мұнай саудасы бойынша да Қазақстанның ұсынысы бар. Бұл туралы тікелей эфирге қосылып тұрған әріптесім Шерхан Жамбылұлынан білсек. Шерхан бірінші рет ұйымдастырылып отырған саммит қалай өтті?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Осы аптадағы Астанадағы жоғары деңгейдегі саяси іс-шаралар марафоны жаңа ғана тәуелсіздік сарайында түйінделді. Алаң иесі ретінде Мемлекет басшысы әріптестерін өзі кіре берістен қарсы алды. Елордаға Орталық Азия басшыларының бәрі келген. Әуелі дәстүр бойынша олар ортақ суретке түсті. Ал жиында лидерлер салмақты ұсыныстар айтып, қарым-қатынасты қарқынды дамытуға бейілді екенін аңғартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия аймағы әлемнің сегізінші экономикасы Италиямен сенімді серіктестік орнатқанын атап өтті. Дегенмен жаһандағы тарифтік соғыстар қарым-қатынастың артуына кедергі келтіріп отыр деді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі мол салаларға тоқталып, қос тарапқа да олжалы болар нақты ұсыныстар айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, ең алдымен, қосылған құны жоғары өнім шығару есебінен тауарлардың түрін көбейтуге баса мән беруге болады. Мәселен, Қазақстан Италияға жалпы құны 1 млрд долларға жуықтайтын тауардың 100-ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын. Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер туралы сөз болып отыр. Орталық Азия елдері Еуропаға өздерінің агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуде мол әлеуетке ие. Саттыққа тың серпін береді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Сонымен қатар Президент Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды. Кәсіпкерлердің қарым-қатынасына қарқын беру үшін Б5+ форматында бизнес өкілдерінің диалог алаңын ұйымдастыру керек деді. Мемлекет басшысы автокөлік өндірісі, текстиль, жиһаз бен фармацевтика салаларындағы ірі италиялық компаниялары елімізге келіп, кәсіпорындар ашуға шақырды. Қазақстан Италияға мұнай экспортын арттыруға да әзір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз Еуропа Одағына мұнай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 миллион тоннадан асты. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайынбыз. Сонымен қатар болашағымыз баламалы энергия көздеріне байланысты болмақ. Бұл қазірдің өзінде анық байқалады. Төмен көміртекті экономикаға жүйелі түрде көшу – Қазақстан басымдықтарының бірі. Италиялық серіктестерімізбен бірлесіп, еліміздің бірқатар өңірінде жел мен күн электр станцияларын салып жатырмыз.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Орталық Азия бестігінің мүддесі ортақ. Әлем алпауыттарымен тең әрі тығыз әріптестік орнату. Бұған дейін АҚШ, Еуропа, Қытай,Үндістан, Жапониямен осындай басқосулар дәстүрге айналған. Ендігі кезек ресми Римде. Батыс пен шығыстың арасындағы байланыс бекеті болған Орталық Азия әлемдік геосаяси сахнада стратегиялық басымдықтарға ие. Өңір табиғи ресурсқа да бай, адам капиталы да жеткілікті. Бестік елдерінің жалпы аумағы – 3 млн 900 мың шаршы шақырымға жуықтайды. Азия кіндігінде 80 миллионнан аса халық тұрады. Оның басым көпшілігі жастар. Экономика тұрақты өсіп келеді. Ішкі жалпы өнім 450 миллиард доллардан асады. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнайдың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – осы аймақтың еншісінде.
Осы ретте Италияға, Орталық Азияға мол мүмкіндік бар. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев италиялық компанияларға геологиялық зерттеу бойынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз деді. Транскаспий бағытын дамытуға еуропалық әріптестерді шақырды. Мемлекеттер басшылары енді 2027 жылы Қырғызстанда бас қоспақ.
Шерхан Жамбылұлы
