Президент әлем елдерін жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент әлем елдерін жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге шақырды

29.05.2025

Жаһандық проблемаларды шешу үшін ресми келіссөздер шеңберінен шығып, адами, қарапайым қарым-қатынас орнататын заман келді. Бүгін Елордада өткен Астана халықаралық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Сондай-ақ Президент бүгінгі жиынның әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын және мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады деді. Оңғар Алпысбайұлы толығырақ тоқталсын.

Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау. Дәстүрлі жиын биыл осы тақырыппен өтті. Жалпы, Астана халықаралық форумы жаһандық ынтымақтастыққа серпін беру үшін құрылған. Аталған алаң ашық пікірталас мүмкіндігін ұсынады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Астана халықаралық форумы – Қазақстанның ұйымдастыруымен өтетін жаһандық деңгейдегі ауқымды шара. Мұнда түрлі ел президенттері, саяси беделді тұлғалар, ірі бизнес өкілдері әлемге ортақ проблемаларды көтеріп, шешу жолдары туралы ұсыныстарын айтады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси жағдай ушығып, қауіпсіздік деңгейі қылпылдап тұрған уақытта ұжымдаса атқарылуы тиіс жұмыстарды жүйелеп, Қазақстанның нық позициясын жеткізді.

Мемлекет басшысы алдымен мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, бірден ең маңызды мәселеге көшті. Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл – шамамен әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы. Әсіресе ядролық қару иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән берген жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр.

Әлемдегі ахуал қазір тез өзгеріп жатыр. Осындай қиын-қыстау кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру. Осылайша біз инвестицяға таласқан заманда өзгелерден көш ілгері шыға аламыз.

Қазақстандағы реформалар нәтиже бере бастады

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақстандағы болып жатқан реформаларды, саяси экономикалық реформаларды әлемге жеткізу. Себебі инвестор тыныш елге, тұрақты елге қаржы салғысы келеді. Ол жерде қандай өсім, қандай потенциал бар соған қарайды.

Иә Қазақстан да әлемдік көшпен қатар дамып, ілгерілеп келеді. Оған дәлел елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық және институционалдық реформалар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Біз аталған реформаларды геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде қолға алғанымызды білеміз. Бірақ «Жол мұраты – жету». Осы стратегиялық бағдарымыздан айнымаймыз, реформаларды тоқтатпаймыз.

Жаһандағы сын-қатерлерге қарамастан экономикамыз былтыр 5,1 пайызға өсті. Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62 пайызға артты. Одан бөлек, цифрлық технология, жасанды интелект, жасыл энергетика салаларындағы әлеуметімізді күшейтіп келеміз.

Қазақстан Еуразиядағы жетекші ІТ хабқа айналады

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Ақтауда үлкен неміс швеция компанияларының жобасы басталуда. 50 ГВт эквиваленті бар жасыл сутегі өндірісі. Сондықтан мына жасыл сутек, аммония саласында баламалы энергетиканың өте қызықты жобасы Қазақстанда басталмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу. Әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді.

Президент әлем елдерін жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге шақырды

Бұл мақсаттарға жету үшін саяси тұрақтылық пен климаттық дағдарыс шешілуі шарт. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сөзсіз, біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Әлемдегі ахуал өте шетін, тұрақсыз әрі кереғарлыққа толы. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға сай болуға тиіс.

Қасым Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамын кеңейту туралы ұсыныс та жасады. Өйткені миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан ұйымға әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдаймыз. Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Нақты шешімді үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет, деді ол.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Біз дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Мұнда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек. Бүгінгі форум идеяларды тоғыстырып, ықпалдастықты арттыру жолындағы тағы бір үлкен қадам болды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу