Қазақ елінің ұлттық символына айналған – «Алтын адам» Мәскеуде. Ресей астанасында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнердің жауһарлары» атты көрме ашылды. Бұл - «Әлем музейлері бойынша Алтын адамның шеруі» деп аталатын ауқымды халықаралық жобаның бір бөлігі. Енді мәскеуліктер көне алтын бұйымдар топтамасы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгерінің бейнесін алдағы 1,5 ай бойы тамашалайды. Шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі мен еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Ресей тарапымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Мәскеудегі халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік мұражайынан бүгін Ұлы даланың рухы есіп тұр. Айнала, сонау 7-ші ғасырдағы қарт тарихтың куәсі саналатын алтын бұйымдардың коллекциясына толы. Ал, қақ ортада еліміздің символына баланған, аты аңызға айналған «Алтын адам» қасқайып тұр. Халқымыздың баға жетпес бұл бай қазынасы қазақтың терең тарихынан, ежелгі мәдениетінен сыр шертеді.
Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:
- Осындай көрмелердің Ресейде, Ресейден басқа жерде де көрсетілуі біз үшін өте керек. Кездейсоқ қалыптасқан халық емеспіз, біздің мәдениетіміздің түп-тамыры сонау тереңде жатыр.
Владимир Аристархов, РФ Мәдениет министрінің бірінші орынбасары:
- «Алтын адамның» табылуы – 20-шы ғасырдағы археология тарихының ең бір ең ұлы оқиғаларының бірі. Сондықтан, бүгінгі көрменің ауқымын, мән-мағынасын тек қана Тутанхамонның қазынасымен ғана салыстыруға болады. Көршілес ел Қазақстанның тарихын білу біз үшін маңызды. Мәселен, бір ғана «Алтын адамның» өзі қазақ халқының қандай бай және терең мәдениеті бар екенін көрсетеді.
Астанадағы Ұлттық мұражайда сақтаулы тұрған «Алтын адамның» бұл шетелде тек 3-ші рет көрсетілуі. Бұған дейін 1997 жылы Римде, ал, 2017 жылы Минск шаһарларында ғана өткен бұл көрме үлкен, ауқымды жобаның бір бөлігі.
Леонид Кочетов, ҚР Ұлттық мұражайы директорының міндетін атқарушы:
- «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» атты жоба іске асырылып жатыр. Көрме 2019 жылы Еуропа елдеріне, ал, 2020 жылы АҚШ, Канада елдеріне шықпақшы.
Михаил Швыдкой, РФ Президентінің Халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі:
- Мұндай құнды мұра халықтың тарихтағы рөлін тану үшін қажет. Осы жерде Сақ дәуірінің экспонаттарымен бірге, мәселен, Алматының түбіндегі Тамғалы тастағы жазулар бар. Соған қарап, бұл жердің, мекеннің мыңдаған жылдардан бері келе жатқанын білеміз. Мұның барлығы кез келген ұлт үшін керек дүние.
Көрші елде Ұлы дала мұрасын көргісі келетін жұрт көп. Сондықтан, Мәскеудегі көрме бүгіннен бастап 13-мамырға дейін жалғасады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ