Ақмола облысында балабақша терезесінен құлаған баланың ата-анасы әділдік іздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында балабақша терезесінен құлаған баланың ата-анасы әділдік іздейді

23.05.2025

Ақмола облысы Шортанды ауданына қарасты Бектау ауылындағы жекеменшік балабақшадан құлаған баланың атасы көмек сұрайды. Еске салсақ, былтыр маусымда бүлдіршін ғимараттың 2-абатынан құлап, ауруханаға түскен еді.

Осы оқиғадан кейін бас сүйегі шытынап, миы шайқалып, жамбасы сынған Ерасылға ота жасалып, көмек көрсетілген. Сол кезде емдеген дәрігерлер баланың жағдайы ушығып, нашарлауы мүмкін екенін ескерткен еді. 5 жасар Ерасылдың атасының айтуынша, емнен кейін кішкентайдың мінез-құлқы қатты өзгеріп, дамуы тежелген. Құлағанға дейін де ерекшелігі болған бала қазір мүлдем ештеңені түсінбейтін болған.

Санат Датпа, Ақмола облысының тұрғыны:

Қазір арқандап бағып отырмыз деуге болады. Баланың жағдайы бұрынғыдан жаман. Бұрын бала «шай ішемін, тамақ ішемін» дейтін. Ыстық пен суықты, биік пен аласаны білетін еді. Қазір білмейді. Мысалы, көлік қатты келе жатса, соған тура қарсы жүгіре береді. Мен Ішкі істер бөліміне барып арыз жазғанмын. Олар 2 күннен кейін сізге тергеушілер барады деді. Бүгінге дейін әлі тергелген жоқ.

Ал Полиция департаменті бұл оқиға бойынша өткен жылы қылмыстық іс қозғағанын айтады. Алайда тергеу барысында «қасақана немесе өрескел немқұрайлылық дәлелденбеді» деген негізбен істі жапқан. Тек тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан шығарылыпты.

Әлия Біләлова, Ақмола облысы ПД жетекші маманы:

Оқиға болған кезде терезе жабылғандығы, жас баланың бөлмеде жалғыз болғаны, тәрбиешінің көмекшісі басқа балаларды қарау бойынша тікелей міндеттерін атқарғаны анықталды. Тәрбиеші мен оның көмекшісінің әрекеттері тәртіптік жауапкершілік белгілеріне жататынын ескере отырып, қылмыстық істі тергеу тоқтатылды.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу