Маңғыстаудың Шебір ауылынан көне құмыра табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудың Шебір ауылынан көне құмыра табылды

29.03.2018

Жәдігер шамамен ортағасырларға жатуы мүмкін. Құмның астында бірнеше ғасыр бойы көміліп жатқан бұйым жақсы сақталған. Көненің көзін бірінші болып көрген – «Жасыл әлем» экологиялық қозғалысының жұмысшылары.

Көне жәдігерге тап болған ауыл тұрғындары. Сексеуіл егіп жүрген олар беті ашық жатқан құмыраны байқап қалған.Сипаты бөлек ыдысты абайлап қазып алыпты.

Сағынбек Бектұрғанов, Шебір ауылының тұрғыны:

- Маусымдық уақытта жүзген егіп келе жатқанбыз. Осы жерде ойда құмыраның түбін көріп қалып, екі бала болып жайлап қазып, алдық.

Құмыра бүлінбеген күйі сақталған. Еш жері бұзылмаған, сынбаған, жарылмаған. Мамандар мұның сырын құмның астында бірнеше ғасыр жатып қалуымен түсіндіреді. Мұның тұрқы да біршама. Ұзындығы - 60 см, диаметрі - 40 см, аузының диаметрі - 24 см, түбі - 17 см.

Көне дүние асқан шеберлікпен жасалған. Оюлары бір-бірімен қиылыспай қашалған. Ғалымдар құмыра орта ғасырға жатады деген болжам жасап отыр.

Мұрат Ақмырзаев, таңбатанушы:

- Құмыраны ортағасырға жатқызуға болады. Әлі де зерттеледі. Өте құнды жәдігер. Осы жерде құмыра жасалғанын дәлелдейді.

«Мұндай құмыраның табылуы бірінші рет емес. Бұл Шебірдің 3 мың жылдық тарихы бар деген тұжырымды дәлелдей түседі», - дейді өлкетанушылар.

Әзірбай Бекиев, өлкетанушы:

- Шебір - 3 мың жылдық тарихы бар ауыл. Табылып жатқан құмыра элеонит заманындағы құмыра болар деп есептейміз. Себебі, Шебір - Маңғыстаудағы Ұлы Жібек жолындағы керуен сарайы болған. Бұған дейін де 2 рет құмыра табылған.

Бұдан бөлек, Тұщықұдық ауылынан жебе ұштары мен тиындар да табылды. Қола бұйымдарда арабша жазу бедерленген. Түсірілім кезінде осы аймақта металл қорытылғанын айғақтайтын флюстер де көзге түсті.

Табылған жәдігерлерді тұрғындар тегіс музейге өткізбек.

 

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу