Биыл ауылдарға 50 жайлы мектеп салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл ауылдарға 50 жайлы мектеп салынады

19.05.2025

Биыл жыл соңына дейін ауыл-аймақтарда 50 жайлы мектеп салынады. Ұлттық жоба басталғалы екі жыл ішінде елді мекендерде 42 білім ошағының құрылысы аяқталған.

Жанел Нұрболат, тілші:

Талапкер ауылындағы Жайлы мектепке келдік. Осыған дейін әбден ескірген аядай ғана білім ұясында оқыған 600 бала биыл осы су жаңа, үш қабатты мектепке көшірілді. Сыртынан қарағанда атына заты сай жайлы секілді. Іші қандай екен?

Жанел Нұрболат, тілші:

Кірген бетте байқағанымыз, мектептің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Осы жердің өзінде 3 камера орнатылған. Мен мәселен, қазір мектеп әкімшілігіне не себепті келгенімді түсіндіріп, журналистік куәлігімді көрсетпесем кіре алмаймын.

Бақыт Шәкірова, мектеп директорының міндетін атқарушы:

Мектебімізде 146 камера бар. Әр оқушыны бала кезінен жақсы білеміз. Қай салаға бейім екендерін, қай пәнге қызығушылығы бар екенін білеміз. Сол үшін біздің ұстаздар барын салып, тынымсыз еңбек етеді. Бұндай ұстаздарды табу негізі өте қиын.

Жайлы мектепте ерекше балаларға арналған инклюзия сыныптарынан бастап, робот құрастыруды, дрон жасауды үйрететін қосымшалар бар.

Ал мектептің шеберханасында оқушылар темірден түйін түйіп, ағаштан түрлі бұйым жасайды.

Мереке Ақышев, ұстаз:

Бұл ағашты өңдеудің қыр-сыры көп, ағаштың ортасына кіріп бүлдіріп алмай ойып шығару. Қазір мынаның бетін оюлап ашылатындай етіп, оқушыларға үйретіп жеткіземін. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу деген жақсы ғой.

Санжар Медет, оқушы:

Өнерлі адамның қасында өзің де өнерлі болып кетеді екенсің. Менің қолымнан 10 шақты астау шықты деп айта аламын. Қазіргі заманда бәрі химиядан жасалғандықтан, осы табиғи ыдыстарға көшкенін қалаймын, үлкен арманым бар осындай.

Жанел Нұрболат, тілші:

Қазір балалар түскі ас ішіп жатыр. Бүгінгі ас мәзірінде алма, шырын және ботқа. Оқушылар тамақтанып болғаннан кейін арнайы құрылғыға осылай қолдарын қойса, ата-анаға «бала тамақтанды» деген хат барады.

Тағы бір ерекше көзге түскені - осындай жәшіктер. Әр оқушының өзіне ғана тиесілі құпиясөзі бар. Соны енгізеді де, том-том кітап салынған зілдей сөмке тасып жүрмей, бәрін салып кетеді. Қажетті тақырыптарды ұялы телефонға түсіріп алады. Яғни жайлы мектепте әр баланың жайлы білім алуына барлық жағдай жасалған. Тек үйреткенді қағып алып, өзі бейім бағытты барын салып оқыса болғаны.

Жанел Нұрболат

Хабарламаларға жазылу