Түркістан облысында «Kitap like» балалардың кітап оқуға ынтасын артырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында «Kitap like» балалардың кітап оқуға ынтасын артырған

19.05.2025

Түркістан облысының Арыс қаласында жеткіншектерді кітап оқытуға бағытталған «Kitap like» жобасы жұмыс істеп тұр. Дермене ауылындағы мектеп ұстаздары демеушілерді тарту арқылы кітапхана қорын молайтуда. Әрі жасөспірімдерді ынталандыру үшін кітап оқығандарды марапаттап, облыстың көрікті жерлерін аралатады.

Дермене ауылындағы орта мектептің оқушылары қазір кітапханада жиі бас қосып, оқыған кітаптарын өзара талқылайды. Қосымша тест тапсырып, эссе жазады. Қаншалықты тереңдетіп оқығаны және қалай түсінгені тексеріледі. Оқушылар бұл жобаның пайдалы тұстары көп дейді.

Ерасыл Жүнісбек, оқушы:

Бұған дейін әшейін кітапты оқып бітірсем болған-тұғын. Қазір енді ол кітапты түсініп, ол туралы өзіміздің ойымызда керемет дүниелер сақталатын болды. Мысалға эссе жазу арқылы біз ойымызды кеңейтіп, кеңірек ойлануға мүмкіндік аламыз. Ауызша сөйлеу арқылы ойымызды анығырақ жеткізе аламыз.

Ұстаздар жобаны толықтай жүзеге асыру үшін ауыл азаматтарын демеушілікке тартқан. Сөйтіп екі жыл кітапхана 400 дей жаңа кітаппен толықты. Қазір балалар кітапханаға жаңа әдебиеттердің түскенін асыға күтеді.

35 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашы Жанна Сайлыбаева мектеп қорындағы әдебиеттердің басым бөлігі ескіріп кеткенін айтады. Ал демеушілер тарапынан алынған әдебиеттер қазіргі заманға лайық болған соң балалардың қызығушылығы артқан.

Жанна Сайлыбаева, кітапхана меңгерушісі:

Әр кітапты біреу, он емес, жиырма шақты, отыз кітаптан алып беріп жатыр. Сондықтан оны оқушыларға бергенге өте тиімді бізге. Биылғы жылы мектебімізді бітіріп жатқан түлектер 150 кітап сыйлады бізге.

Жоба жетекшісі Гаухар Баймаханова қазір бұл бастамаға тек жоғары сынып оқушылары емес, бастауыш сыныптар да қызығушылық танытып, қатысып жатқанын айтады. Яғни бастапқыда 73 бала бағын сынап көрсе, қазір олардың қатары жүзден асқан. Жоба аясында ашық сабақтар мен байқаулар өткізіліп, оқу жылы соңында үздіктері анықталып, марапатталады.

Гауһар Баймаханова, мектеп директорының орынбасары:

Демеуші кісілердің қолдауымен саяхат ұйымдастырып отырамыз. Ол саяхатта Түркістан қаласына және Шымкент қаласына, Арыстанбаб, яғни мұражайларға саяхат бар. Сонымен бірге балалардың жас ерекшеліктеріне қарай кинотеатрларға апарып, қазіргі таңдағы фильмдерді көрсету.

Бүгінде аталған жоба Арыс қаласындағы және Түркістан облысындағы мектептерде тәжірибе ретінде енгізіле бастаған. Ұстаздар осы арқылы баланы ұялы телефоннан алшақтатып, кітапқа деген құштарлығын арттырмақ.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу