Шерзат соты: Тоғыз сотталушының жетеуінен жауап алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шерзат соты: Тоғыз сотталушының жетеуінен жауап алынды

16.05.2025

Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сегізінші сот отырысы аяқталды. Бүгін 5 сотталушыдан жауап алынды. Сотталушы Нұрқияс Ілиясов марқұмның ағасы Ғайыпбаевтың өздеріне қарата мылтық атқанын айтты. Оның сөзінше, қаруды оның қолынан қорғану мақсатында тартып алған көрінеді. Артынша ашу үстінде мылтықтың дүбімен оған соққы жұмсадым деді. Желке тұсынан көздеп ұрғанын да жасырмады. Ал сотталушы Шыңғыс Белғожаев Шерзатты ұрған. Бұл әрекеті көп қабатты үйлердің бірінен түсірілген видеода анық көрінеді. Алайда оның көздеген адамы Нұрғанат Ғайыпбаев болыпты. Шерзатты ағасы Ғайыпбаевпен шатастырып алғандығын айтты. Сотталушы өзінің оқиғаға қатысы барын, сондай-ақ марқұм Шерзат Полатқа бірнеше мәрте соққы жасағанын мойындады.

Сотта соңғы болып Равиль Сакиевтен жауап алынды. Ол Нұрғанат Ғайыпбаевты үш рет тепкенін айтқан. Сондай-ақ оқиғадан соң Абзал Шынасыл біреуді пышақтадым деп Сакиевке сыр ақтарған. Алайда нақты кімді пышақтағанын тани алмапты. Осылайша екі күнде тоғыз сотталушының жетеуінен жауап алынды. Тек Дидар Қалиахмет өзінің дайын еместігін алға тартып, жауап беруден бас тартқан. Оған Сот төрағасы келесі сот отырысына дейін уақыт берді. Ендігі сот процессі маусымның 21 мен 23-і аралығында үш күн қатарынан өтпек.

Дамир Нұрмұхамед

Хабарламаларға жазылу