БҰҰ Қазақстандық жас ғалымдардың жасанды интеллект жобасын үздік деп таныды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ Қазақстандық жас ғалымдардың жасанды интеллект жобасын үздік деп таныды

15.05.2025

Қазақстандық жас өнертапқыштар Кербез Болатбек пен Едіге Мұса жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін электронды сурдоаудармашы бағдарламасын жасап шығарды. Бұл бағдарлама құлағы мүкіс жандарға арналған және ым тілін түсінуге көмектеседі.

Кербез Болатбекқызы, «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының түлегі:

«Бұл қосымша халыққа қызмет көрсету орталықтарында, қоғамдық орындарда қажет болады. Себебі барлық адам ым тілін біле бермейді ғой. Мақсатым – өз мамандығым арқылы ауыр жағдайдағы науқастарға көмек беру.»

Электронды сурдоаудармашы 80 елдің 700-ден астам IT жобалары арасынан таңдалып, Біріккен Ұлттар Ұйымының үздік жобалар тізіміне енді. Сонымен қатар, Аружан Тәжібай зағип жандарға арналған, олардың өз бетінше қозғалуына көмектесетін бағдарлама ойлап тапты.

Аружан Тәжібай, «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының түлегі:

«Жоба айналадағы объектілерді көруге және олардың сізден қандай қашықтықта тұрғанын анықтап береді. Өзім ғылымға қатты қызығамын. Көру қабілеті әлсіз адамдар өз үйлерінде, далада болсын ешкімнің көмегінсіз тәуелсіз қозғалуына мүмкіндік беру – менің басты мақсатым.»

Қазіргі кезде елімізде жасанды интеллект саласын меңгерген мамандар саны артып келеді. «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының жетекшісі Бибігүл Разақтың айтуынша, студенттер тек қазақстандық бағдарламалармен ғана шектелмей, халықаралық онлайн курстардан да білім алады және кәсіби сертификаттарға ие болады.

Бибігүл Разақ, «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының жетекшісі:

«Біздің білім алушылар тек қана біздің білім беру бағдарламаларымен шектелмей, Coursera, Huawei, Google бағдарламаларынан да кәсіби онлайн курстарды оқып шықты. Қазіргі түлектердің де халықаралық кәсіби сертификаттары бар.»

Жасанды интеллект еліміздің барлық саласын жаңғыртып, экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Президент бес жыл ішінде 1 миллион адам цифрлық технологияларды жаңаша тәсілмен оқытуды тапсырған. Енді жасанды интеллект университеттерде ғана емес, күзде ашылатын Alem.AI халықаралық орталығында да оқытылады.

Жанел Нұрболатқызы, Сұңқарбек Қайсин, Даулетбек Әбдірахман

Хабарламаларға жазылу