Түркістан облысында тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

08.05.2025

Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы сарбаздар жаумен күрессе, тылда еңбек еткендер де тыным таппады. Елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар сарбаздарды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамту үшін бел жазбай еңбек етті. Әсіресе әкесі соғысқа кеткен жас балалар еңбекке ерте араласып, жоқшылықтың дәмін татты. Қазір Түркістан облысында осындай 3 мыңға тарта тыл ардагері тұрады.

Тылдағы тірліктің бел ортасында жүргендердің бірі - түркістандық Елтай Бимаханбетұлы. 1932 жылы дүниеге келген ел ағасы екі жасынан балалар үйінде өскен. Кейіннен сегіз жасында өгей шешесімен бірге тұрған. Соғысқа кеткен екі ағасы оралмағандықтан жоқшылықтың дәмін ерте татты. Зұлмат жылдары соғыс болмаса да, көрмеген қорлығымыз жоқ, дейді тоқсаннан асқан ақсақал.

Елтай Махамбетұлы, тыл ардагері:

Соғыстың кезінде кемпірге дейін қарап отырған жоқ. Мақтаға шығады, әрбір жетім қалған баланы қарайды. Тамақ жағынан қиналдық. Таңертең кетемін, бір қап отын әкелемін. Оны бір орта кесе сүтке айырбастап аламын. Түс қайта тағы кетемін, ол бір орта кесе ұн болады. Сөйтіп күн көрген жағдайымыз бар.

Ал Ырысбек Хаджиддиновтың әкесі екі бауырымен соғысқа кетіп, қайтып оралмады. Үйдегі анасы мен бауырлары аш қалмас үшін тыл ардагері көп еңбектенді. Жастығына қарамай жер жыртып, мақта екті. Кетпен шауып, табылған жұмысты істеді. Бірақ сол замандағы қиыншылық адамдарды бір біріне мейірімді болуға, жанашырлық танытуға үйретті, дейді.

Ырысбек Хаджиддинов, тыл ардагері:

Бірдеңе болса, жүгіріп барып, бір-бірімізге көмектесетін едік. Біреуге бірдеңе жетпей жатса, оны жеткізіп, амалдап тойын жасайтын едік. Солай жүріп, аман-есен жұмыс істедік. Қазір 87 жастамын.

Соғыстың қысылтаяң кезінде тылда тер төккендердің қатары да жыл өткен сайын сиреп барады. Олардың ерлігі бейбіт заманда бағаланып отыр. Түркістан қаласының әкімі тыл ардагерлерін мерекелік медальмен марапаттап, құрмет көрсетті. Қаржылай көмек беріп, сый-сыяпат табыстады.

Мерекелік медаль бүгін соғыс ардагерлерінің жесірлеріне де табысталды. Облыс орталығында бүгінде осындай 9 зейнеткер әжей тұрады. Оларға Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 50 мың теңгедей ақшалай сыйлық берілді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу