Президент әскерилерді марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент әскерилерді марапаттады

05.05.2025

Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек. Бұл – Қазақстанның мызғымас ұстанымы. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруы тиіс. Осылай деп мәлімдеген Мемлекет басшысы бүгін Ақордада әскерилерді марапаттап, бірқатарына сыныптық шендер тапсырды. Жоғарғы Бас қолбасшысы сардарлар мен сарбаздарды алдағы Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Мереке күндері елге қорған болып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, отан үшін от кешкен аға буынның рухына тағзым етіп, олардың ерлігін ұрпақтың жадында жаңғырту дәстүрге айналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға 1 млн 200 мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы.

Президент мемлекет қарулы күштердің әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріп отырғанын айтты. Ел әскері ең озық қару-жарақпен қамтылып, қорғаныс өнеркәсібі дамып келеді. Былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді деді. Жиын соңында Мемлекет басшысы күштік құрылымның өкілдеріне жоғары мемлекеттік наградалар мен сыныптық шендер табыстады.

Серік Боранбаев, Әскери теңіз күштерінің бас қолбасшысы:

Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күніне орай Ақордаға келіп, Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан үлкен шен – вице-адмирал шенін алып отырмын. Бұл үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Әскери теңіз күштері әрдайым өзінің алдына қойған тапсырмаларды орындауға дайын.

Айнагүл Кәріпова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызмет басшысының орынбасары:

Құқық қорғау саласында 25 жылдан бері еңбек етіп келемін. Менің еңбегім еленіп жатқанына қуаныштымын. Ол ғылым саласын қаржыландыру, жоғары жетістік спортын қолдау, дәрі-дәрмек саласы, әлеуметтік қолдау, жол құрылысы саласында жоғары жетістіктеріміз бар.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу