Оралда токқа соғылған бала ауруханада көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда токқа соғылған бала ауруханада көз жұмды

02.05.2025

Оралда қосалқы электр стансасында токқа соғылған 9 жастағы ер бала ауруханада қайтыс болды. Бала жансақтау бөліміне түскенде ес-түсін білмеген. Денесінің 95 пайызын күйік шалған. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Оқиға осы тұрғын үйдің сырт жағында болған. Футбол алаңқайында ойнап жүрген балалардың добы мына қосалқы электр стансасының төбесіне тұрып қалады. Үйінен қоқыс қалдығын төгуге шыққан бала оларға көмектеспекші болып, ғимараттың шатырына шығып, допты алады. Бірақ түсерде аяғы сымға ілініп, ток соғады.

Жасөспірім төбеге мына терезе арқылы шыққан. Кері түсерде бұл жерден емес, станциясының екінші жағынан - электр шамы бар қабырғадан түсуге оқталған. Ол жерде кернеуі 10 мың волт ток келіп тұрған. Куәгерлер сол мезетте жарық өшкенін айтады. Жазатайым оқиға болған жерге ойыншықтар мен гүл қойылған.

Кешкі сағат 7 жарым шамасында жасөспірім ауыр хәлде балалар ауруханасына жеткізіледі. Балаға «төртінші дәрежелі күйік» диагнозы қойылды. Ток өн бойынан өтіп, ішкі құрылысын зақымдаған. Денесінің 95 пайызын күйік шалған. Дәрігерлер шұғыл ота жасағанымен, баланың өмірін сақтап қала алмады. Ол жансақтау бөліміне түскенде есін білмеген.

Болат Әлібаев, облыстық Балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі:

Келген кездегі науқастың жағдайы ауыр болды. Денесінің басынан бастап, аяғына дейін екі қол, денесін, екі аяғын күйік шалған. Күйігіне байланысты қол-аяғын ампутация жасауға тура келді. 1 мамыр күні сағат 23.55-те жағдайының ауырлығына байланысты науқас көз жұмды.

Оқиға бойынша Қылмыстық Кодексiнің 306-бабы, яғни «қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Талап бойынша қосалқы станция ғимараты қоршалмайды.

Нұржан Қуанғали, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:

30 сәуір күні кеште Орал қаласында электр қосалқы станциясының төбесінде 2015 жылғы кәмелет жасына толмаған баланың токқа түсу фактісі орын алды. Аталған дерек бойынша сараптамалар тағайындалды. Қазір тергеу жүргізілуде.

Оқиға куәгерлері бұған дейін де балалардың ғимарат шатырына шығып, токқа соғылғанын айтады. Бір баланың тек қолы күйіп, жеңіл жарақат алған. Үш жыл бұрын Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында 5 жастағы ер бала трансформатор тогына соғылып, екі қолынан айырылған еді.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу