Тұманды Альбион оқ-дәрі өндірісінде АҚШ пен Франциядан келетін импортқа тәуелді болғысы келмейді. Қазірдің өзінде қорғаныс компаниялары америкалық қару мен техниканы сатып алуды доғара бастады. Олар президенттікке қайта келген Дональд Трамп АҚШ-ты сенімсіз әскери әріптеске айналдырады деп қауіптенеді. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.
Үкіметтегілер әлеуметтік немесе экономикалық бағдарламаларды күшейтуді емес, әскери шығындарды арттыруды қолға алды. Олар қорғаныс саласындағы жеке компанияларға бөлінетін тапсырыстарды көбейтіп жатыр.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
Біз ЖІӨ-нің 2,5 пайызын әскери салаға жұмсауға уәде береміз. 2027 жылдан бастап жыл сайын қорғанысқа қосымша 13 жарым миллиард фунт жұмсалады.
Еуропадағы ең ірі мердігер қорғаныс компаниясы өндіріс қуатын арттыру мақсатында 3 жаңа өндіріс нысанын ашуды жоспарлап отыр. Мекеме өз өнімдерін Американың бақылауынан тыс мемлекетте шығаруға тырысуда. Яғни АҚШ-тың шектеуінсіз еркін сатып, саудалағысы келеді.
Чарльз Вудберн, «Bae systems» компаниясының бас директоры:
Қазір Ұлыбританияда 3 000-нан астам қызметкеріміз еңбек етеді. Бағдарлама шарықтау шегіне жеткенде олардың саны 20 000-ға жуықтайды.
Ұлыбританияның басты одақтасы АҚШ енді бұрынғыдай сенімді серіктес емес сияқты. Екі ел арасындағы достыққа сызат түскендей. Қос мемлекеттің мүдделері бір-біріне сәйкес келмей барады.
Марина Бекенова, тілші:
Инвестицияның басым бөлігі әскерге бөлінгелі Ауғанстан, Сирия сияқты елдерге берілетін көмек көлемі қысқарды. «Жасыл» өнеркәсіпті дамытуға арналған қор да қорғаныс шығындарына бағытталуы мүмкін. Өйткені билік те, оппозиция да бір ауыздан тұрақсыз әлем жағдайында әскери қуатты арттыруды қажет деп санап отыр.
Марина Бекенова
