Сауалнама: Трампты қолдау рейтингі соңғы 70 жылда болмаған ең төмен деңгейге түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауалнама: Трампты қолдау рейтингі соңғы 70 жылда болмаған ең төмен деңгейге түсті

28.04.2025


Ертең Доналд Трамптың екінші мәрте АҚШ Президенті атанғанына 100 күн толады. Бірақ ол бұл аса маңызды межені соңғы 70 жылда бірде-бір Президентте болмаған ең төмен рейтингпен қарсы алмақ.

Көптеген жаңа сауалнама қорытындысы осыған саяды. Мәселен, CNN-нің зерттеуіне қарағанда, Трамптың саяси экономикалық реформаларын қолдау деңгейі тағы да түсіп, 41%-дан аспаған. Яғни, 1953 жылдан бері ел тізгінін ұстаған өзге президенттердің алғашқы жүз күндегі рейтинтерімен салыстырғанда ең нашар көрсеткіш болып отыр.

Жалпы, Трамптың президент ретіндегі жұмысын мақұлдау деңгейі ақпанда 7 пайыздық, ал наурыз айынан бері 4 пайыздық тармаққа кеміді. Сауалнамаға қатысушылардың 22% оның жұмысын толық қолдайтынын білдірсе, 45% керісінше мүлдем қолдамайтынын айтқан.

Әсіресе Трамп әйелдер мен испан тілді америкалықтар арасында едәуір қолдаудан айырылды. Әйелдердің 36%, ал испан тілділердің тек 28% ғана Трампқа сенім білдірген.

Жалпы, Трамп 100 күн ішінде қолға алған көптеген негізгі өзгеріс бойынша халықтың сенімін жоғалтып жатыр. Оның бұл мәселелерді шешу қабілетіне деген сенім де азайған. Америкалықтардың Трамптың президенттік билікті жауапкершілікпен қолданатынына деген сенімі де сегіз тармаққа төмендеп, 46 пайыз болған.

Жалғас Сәдібекұлы 

Хабарламаларға жазылу