Жайық жағасындағы үйлер көшіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайық жағасындағы үйлер көшіріледі

24.04.2025

Оралда Жайық жағасында орналасқан үйлер көшіріледі. Өйткені су келген сайын жар құлап, тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. Әкімдік үй-жайларды жерімен бірге сатып алып, орнына көпқабатты үйден пәтер бермек. Бірақ бұған келіспей, жеке жер үй сұрап жатқандар бар. Ардақ Мұратқызы тараптарды тыңдап қайтты.

 Ардақ Мұратқызы, тілші:

Былтырғы тасқында мына жар опырылып, осы үйдің сарайы түгел құлап, ағыс алып кеткен. Қоршауы да бұзылған. Біз қазір Жайықтың бұрылысында, өзенге бір үш метр жерде тұрмыз. Жыл сайын осы жардың топырағы желініп, өзен арнасы жағалауға жақындап келеді. Ал бұл тұрғын үйлерге қауіп төндіріп тұр.

Виктор Свягиннің үйі өзенге таяқ тастам жерде тұр. Бау-бақшасының қоршауы бірнеше жыл бұрын суға кеткен. Жеміс ағаштары сынып, жармен бірге құлап жатыр.

Виктор Свягин, қала тұрғыны:

16 жылдан бері тұрамыз. Әйеліме мұраға қалған үй. Оның бала кезінде Жайық жағасы 200 метрдей жерде болған. Ал қазір менің аулама тиіп тұр. Қауіпті, әрине.

Ал Нұрлан Есқалиев Жайық жағасынан алған жеті сотық жеріне екі үй салып алған. Үйдің іргесіндегі сайға су келіп тұр. Әкімдік өкілі келіп, жерін мемлекетке өткізу қажеттігін айтқан.

Нұрлан Есқалиев, қала тұрғыны:

Бізге осындай жер үй берсе келісеміз. Көпқабатты үйге біз үлкен отбасымыз. Су сайға келіп тұрады. Тасығанда қауіп болады.

Қазір жағалаудағы он үй апатты деп танылған. Мамандар үй-үйді аралап, заңнаманы түсіндіріп жүр. Әкімдік және төтенше жағдай басқармасының өкілдерінен комиссия құрылған. Үй-жайды бағалайды. Содан кейін қаржы бөлініп, тұрғындарға өтемақы төленеді. Үйдің шаршы метріне қарай пәтер беріледі. 

 Абылай Нұрмақов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

2024 жылы тасқын суға орай іргелес аумақ топырағының желінуіне байланысты қауіп бар. Тұрғындарға нақты хабарлама берілді. Таныстырылды. Жағаға 1-5 метр қалған осы үйлерді мемлекет тарапына алып, орнына жаңа үйлер беру туралы түсіндірілді.

Тұрғындар арасында «ешқайда көшпейміз» деп отырғандары да бар. Ережемен келіспегендер сотқа жүгіне алады. Ал Жайық биыл тасыған жоқ. Қазір дария деңгейі 476 см болып тұр. Былтыр күретамыр өзен 865 см-ге дейін көтеріліп, қауіпті деңгейден асып кеткен еді.

 Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу