Қостанайдағы облыстық балалар ауруханасының ғимараты бес жылдан бері қаңырап бос тұр. 2020 жылы басталған жөндеу жұмыстары тапсырыс беруші мен мердігердің арасындағы даудың кесірінен аяқталмады. Соның салдарынан қараусыз қалған нысанның төбесінен су ағып, қабырғасы қақырап, тозып барады. Мәселені біржақты ету үшін облыс әкімінің пәрменімен арнайы комиссия құрылған еді. Мұнымен түйткіл шешіле ме? Мәдина Нағашыбай мән - жайды анықтады.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Жөндеу жұмысы бес жыл бойы созбалаңға салынған облыстық балалар ауруханасының қазіргі күйі осындай. Ғимарат қаңырап бос тұр. Қараусыз қалған жылу жүйесінен су ағып, қабырғаны осылай қақыратты. Ал аққан су мына жерді шылқытып жіберген. Жоғары қабатта да жағдай осындай.
Ұзақ уақыт күтімсіз тұрғандықтан қабырғалар сыз тартып, көгеріп кеткен, тіпті төбенің кей тұсы опырылып жатыр.
Облыстық балалар ауруханасы қазір пандемия кезінде салынған ғимаратқа уақытша көшірілген. Бірақ ол қаланың шетінде.
Демура Ирина, қала тұрғыны:
Әуежай жақтағы ауданға жету біз үшін қиын, қолайсыз. Мысалы қаланың әр ауданынан қоғамдық көлік жүрмейді. Қаланың шеті. Ол жаққа бар болғаны 2-ақ автобус қатынайды. Осы жер ыңғайлы еді.
Мадина Бейісова, қала тұрғыны:
Нариман жақтағы бөлімде бізге керек гастороскопия кабинеті болмады. Сондықтан 2 айлық баламды алып Әуежай ауданына бірнеше рет қатынауға тура келді.
Бұған дейін бір мезгілде 370 науқасқа ем көрсететін аурухана, қазір жаңа ғимаратта тек 290 адамды қабылдай алады. Орын жетпеген соң қаланың басқа жеріндегі оңалту бөліміне 54 төсек-орын қосылды.
Нұрлан Ержанов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
Жөндеу жұмысы басталғаннан бері орын санын азайтуға тура келді. Егер осы жерге қайтадан оралсақ, бұл мәселе шешіледі. Бірақ қазір де облыстың әр жерінен кеп жатқан балаларды қабылдауға толық мүмкіндік бар.
Облыс әкімі бастаған комиссияның соңғы шешімі бойынша нысан денсаулық сақтау басқармасының теңгерімінен құрылыс басқармасына өтті. Ал, құрылысты аяқсыз қалдырған мердігерге ешқандай шара қолданылмаған. Қазір жаңа жобаның құжаты дайын. Мемлекеттік сараптама қорытындысы мамыр айында белгілі болмақ.
Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:
Құрылыс басқармасы реконструкция жұмыстарын жасайды. Бірнеше эксперттер қараған, қандай қазір тағы жұмыстар бітіру керек, қандай жұмыстарды қайтадан жасау керек. Оның бәрі жобалық сметалық құжаттамаға енгізілген. Бұлар мамырдың 15-20 аралығында шығуы керек. Оң шешімді күтудеміз. Шыққаннан кейін құрылысын бастаймыз.
Облыс әкімдігі егер мәслихат депутаттары бюджеттен қаражат бөлсе, нысанның жұмысы биыл аяқталады деп отыр. Әуелде жоба құны 1 млрд 204 млн теңге болса, қазіргі нарыққа сай бағасы мемлекеттік сараптамадан соң белгілі болмақ.
Мәдина Ерікқызы
