Елімізде жыл сайын әрбір екінші отбасы ажырасады. Бұл туралы Әділет министрі айтты. Ерлан Сәрсембаевтің сөзінше, былтыр 122 мың жұп шаңырақ көтерсе, соның тең жартысы некесін бұзған. Екі жаққа кеткендердің арасында балаларының алдындағы міндеттерді орындамайтындар жетерлік. Тек былтыр алимент төлеуден жалтарған 139 адам сотталды. Тағы 4,5 мыңы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір сот жалпы саны 300 мыңға жуық істі қарастырып жатыр. Соның 4 пайызы, яғни 12 мыңы берешегін төлеуден ұзақ жыл қашып жүрген ата-аналарға тиесілі.
Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
Қазіргі уақытта борышкерлердің өзге де кіріс көздеріне, табыс көздерін анықтау үшін талдау жүргізіліп жатыр. Агрегатор сайттар, мысалы, яндекс, индрайвер және тағы да басқа жұмыс істейтін борышкерлердің жасырын табысын анықтаймыз.
Ажырасудың негізгі себептері қандай? Осы мәселеге қатысты еліміздің әр өңіріндегі тұрғындардан пікір сұраған едік.
Ерлі-зайыптылардың көбі ішімдік пен нашақорлықтың кесірінен некесін бұзады. Қазақстан қоғамдық даму институты ажырасудың себептерін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізді. Оған сәйкес, отбасылардың шамамен 62 пайызы ер адам не әйелдің зиянды әдеттерге тәуелді болуынан ажырайды. Отбасындағы озбырлық та талай шаңырақтың шырқын бұзады. Мәселен, былтыр ажырасу себептерінің арасында зорлық-зомбылық көргені үшін арыз жазудың үлесі басым болған. Ол – 51 пайыз. Сондай-ақ көзге шөп салу 47 пайыз, лудоманияның кесірі шамамен 40 пайыз.
Жәнел Өтеулі
