Қарызы басынан аса тұра, ақшасын құмар ойындарына шашатындар көбейген. Мәселен, былтыр 2,6 млрд теңге берешегі бар 1800-ге жуық борышкер 5 млрд теңгеден астам ақшасын онлайн-казино мен букмекерлік кеңеселерде қалдырған. Алимент төлемей, табысын жасырғандарды анықтайтын жаңа тетік енгізілмек. Жаңашылдық туралы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес айтсын.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Әділет министрі бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутаттардың алимент төлеуге арналған мемлекеттік қор құру туралы ұсынысына қарсылық білдірді. Себебі бұл, біріншіден, мемлекеттік бюджетке салмақ түсіреді, екіншіден, әр отбасы бала үшін жауапты деді. Үшіншіден, алименттен жалтару мақсатында табысын жасыратындар көбейген.
Жыл басынан алимент төлеуден жалтарған 13 мыңға жуық азамат тіркелген. Алдағы уақытта табысын жасырғандарды анықтайтын тың тетік енгізіледі.
Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
Олардың әлеуметтік мәртебесі туралы қажет мәліметтерді алу үшін ақпараттық жүйе Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Сонымен қатар агрегатор-сайттар арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысын анықтайтын боламыз.
Яғни, енді борышкерлердің өзге де кіріс көздері электронды әмияндар, букмекерлерлік кеңселер, бағалы қағаздар мен сауда биржасын, желілік маркетинг пен такси қызметтері арқылы анықталмақ. Өйткені былтыр берешегі бар 1800-ге жуық борышкер 5 млрд теңгеден астам ақшасын құмар ойындарына құртыпты.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мысалы, 2024 жылы 1 761 борышкердің жалпы қарызы 2,6 млрд теңге бола тұра, олар 5,8 млрд теңгеге онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерге ақша тіккен. 325 млн теңге қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Щучинск казиносында 147 млн теңге жұмсаған.
Жеке сот орындаушылары 3,4 млрд теңге жымқырған
Айта кеткен жөн, 2 536 борышкер 5,1 млрд теңге табысын электронды әмияндарда жасырған. Бұл жеке сот орындаушыларының салғырттығы дейді, дептуаттар.
Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сот орындаушыларының жұмысына қатысты сын көп. Әлеуметтік мәселелерде ғана емес, мүлікті рәсімдеуде, жерді сатып алуға байланысты болсын, жеке кәсіпкерлерге, жеке мүлікке қатысты болсын. Жалпы, біз 2022 жылы сот орындаушылардың мәселесіне қатысты жиын өткізгенбіз. Одан кейін ешқандай көп өзгеріс жоқ.
Депутаттардың сөзінше, жеке сот орындаушылары борышкерді іздеп, табыс көзін анықтап, қарызды өндіруге құлық танытпайды. Ол ол ма, бұқараның тырнақтап жинаған ақшасын жымқыратындар да бар. 3 жеке сот орындаушысы жылжымайтын мүлікті сату, жалға алу актілерін пайдаланып «Отбасы банк» салымшыларының 3,4 млрд теңгесін қолды қылған.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту керек деп есептеймін. Бұл жерде біз жауапкершілікті күшейтудің бір амалы ретінде қарастырып отырмыз. Яғни сіздің құқығыңыз бұзылды. Жеке сот орындаушыңыз байланысқа шықпайды, тиісті органға арыз жаздыңыз, оның үстінен хаттама толтырылды. 5 күнге қамап тастады, болмаса елеулі айыппұл салынды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Сондай-ақ жеке сот орындаушылардың ашық тізбесін жариялау ұсынылды. Яғни, азаматтар олардың жұмысына сай баға беріп, рейтингі төмендерді саладан аластату мүмкіндігі қарастырылмақ. Оған қоса лицензиясынан айырылған жеке сот орындаушылар мемлекеттік қызметке қайта тұра алмайтындай норма қабылдау жоспарланып отыр. Айта кету керек, бүгінде шағын несиесін өтемеген 2,5 млн азаматтың құжаты осы жек сот орындаушыларының қолында екен.
Нұрсұлтан Тілектес
