«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының сыйлығына ие болды.«Үздік жетістігі үшін» жүлдесі корпорацияға Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезіндегі қызметі үшін берілді. Марапатты Санкт-Петербург қаласында өткен VII Этноспорт форумы аясында конфедерация президенті Біләл Ердоған табыстады.
Былтыр қыркүйек айында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде корпорацияға қарасты «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары спорттық сайыстарды тікелей эфирде көрсетіп, 10-нан астам мемлекетке сигнал таратты. Түркі халықтарының кейбір ұлттық ойындары алғаш рет теледидар арқылы трансляцияланып, дүйім жұрттың назарына ұсынылды.
Біләл Ердоған, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті:
«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көшпенділер ойындары кезінде керемет эфирлер жасады. Астанаға келе алмаған адамдарға тікелей эфирден көруге мүмкіндік берді. Біз осы үшін телерадиокорпорацияға рахметімізді айтамыз және болашақта да бірлесе жұмыс істейміз деген ойдамыз.
Көшпенділер ойыны өткен кезде корпорацияның әлеуметтік желілерде жүргізген жедел әрі жүйелі ақпараттық жұмысы да этноспорт ойындарына деген қоғам назарын аударды. Бұл дүбірлі дода Түбі бір түркі халықтарының бірлігін бекемдей түсті.
Нағи Бақытбеков, «Qazsport» телеарнасының директоры:
Бұл біз үшін үлкен мәртебе, құрмет. Корпорацияның барлық қызметкерлері сол көшпенділер ойыны кезінде үлкен еңбек атқарды. Сол еңбегіміз бағаланып жатыр. Және де алдағы уақытта ұлттық спорттың дамуына, ұлттық спортты насихаттау жағынан өзіміздің тарапымыздан жұмыстар атқарыла береді, қолымыздан келгенше қолдаймыз.
Санкт-Петербургте өткен VII этноспорт форумы әлемнің 75 елінен қатысушылар қатысқан «Дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту» тақырыбында салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды.
Индира Бегайдар
