Алматыда жартылай марафонға қатысқан 2 адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жартылай марафонға қатысқан 2 адам қайтыс болды

21.04.2025

Алматыда жүгіруден өткен жартылай марафонда 2 адам қайтыс болды. Олар 84 және 21 жастағы қала тұрғындары. Қос қатысушы да 21,1 шақырымды еңсеруі керек еді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, екеуі де жыл сайын тұрақты түрде марафонға қатысып келген. 84 жастағы қатысушы бұған дейін емін-еркін 10 шақырымды бағындырған. Алайда бұл жолы жүгірудің бірінші шақырымында құлаған. Ал 21 жастағы ер азамат мәреге бес шақырым қалғанда, есінен танып қалған. Дәрігерлер дереу жеткенімен, өмірін сақтап қала алмапты. Шараны ұйымдастырушылар марафонға қатысар алдында барлық қатысушы өз денсаулығынына толықтай жауапкершілік алып, қолхат жазады деп отыр. Сондай-ақ, марқұмдардың отбасына материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады. Осы ретте Туризм және спорт министрі бұдан кейін жарыстың ұйымдастырылу тәртібі, қауіпсіздігі жан-жақты сарапталатынын айтты.

Айдана Қуантхан 

Хабарламаларға жазылу