Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 58-ші пленарлық отырысы өтті. Оған Достастық елдер Парламенттері Палаталарының басшылары мен депутаттары қатысты. Қазақстандық делегацияны Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап барды. Сапар аясында ол Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Парламенттік ассамблеяның салтанатты отырысында сөз сөйледі.
«Қазақстанның Жеңіске айтарлықтай үлес қосқаны ақиқат. Еліміз сұрапыл соғыс жылдарында негізгі индустриялық және гуманитарлық орталықтардың біріне айналды»,-деді Сенат Төрағасы. Майданға аттанған миллион екі жүз мың қазақстандықтың жартысынан көбі елге оралған жоқ. Сондай-ақ 500-ден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Мемлекет басшысының бастамасымен былтыр «Айбын» орденінің дәрежелеріне аты аңызға айналған батырлар Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдері берілді. Биыл 7 мамырда Астанада Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру өтеді. Бүкіл Қазақстан бойынша Ұлы Жеңіс күнін атап өтуге қатысты белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Елдімекендерге, көшелерге, мектептерге ардагерлердің есімдері берілуде. Жеңістің 80 жылдығына орай қолдау шараларына қосымша әрбір ардагерге 5 млн теңгеден біржолғы төлем беріледі.
Сенат спикерінің айтуынша, мұның бәрі тарихты дәріптеуге және Қазақстандағы ұрпақтар сабақтастығынсақтауға деген ұмтылысымыздың жарқын көрінісі. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев ТМД Парламенттік Ассамблея Кеңесінің жұмысына және пленарлық отырысына қатысты. Одан бөлек, Парламент депутаттары негізгі салаларға қатысты және өзара мүддені білдіретін модельді заңдар топтамасын қарады.
Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Мәселен Ядролық қалдықтарды көму туралы Заң біздің елдеріміз үшін өте өзекті. Өткен жылы Семей ядролық полигонының жерлерін ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін пайдалануға болатындығы туралы заң қабылданды. Осы Заңның баптары ТМД елдерінің ұлттық заңнамаларында пайдаланылатын болады.
Отырыс алаңында Сенат төрағасы парламенттік делегациялардың басшыларымен маңызды екіжақты кездесулер өткізді. Сондай-ақ соғысқа қатысқан жауынгерлерді еске алуға арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Индира Бегайдар
