Баспананы міндетті сақтандырудың жарнасы жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баспананы міндетті сақтандырудың жарнасы жарияланды

18.04.2025

Түрлі табиғи апаттардан баспананы сақтандыру міндеттелмек. Құжат жобасы бүгін қоғамдық талқылауға шығарылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған құжатта сақтандырудың жарнасы шамамен мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін деп көрсетілген. Бірақ әлеуметтік осал топтар үшін жеңілдіктер қарастырылмақ. Ақниет Балтанова тарқатады.

«Үй иесі мың теңгеге сақтандыру жасаса, төтенше жағдай болғанда 500 мың теңге өтемақы иеленеді. Ал 20 мың теңгеге сақтандырса, 10 млн теңге өндіре алады. Бірақ сақтандыру полисінің құны аймақтың табиғи апатқа ұшырау деңгейіне байланысты өзгереді».

 Ақниет Балтанова, тілші:

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған құжатта дәл осылай түсіндірілген. Сондай-ақ, сақтандыру жарнасын жинақтаудың бірыңғай операторы болатын мемлекеттік сақтандыру ұйымын құруды ұсыныпты. Әлеуметтік осал топтар үшін жеңілдіктер қарастырылатынын да атап көрсеткен.  ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстан аумағының 75%-ы табиғи апаттар қаупі жоғары аймақтарға жатады. Елде болатын жер сілкінісі, су тасқыны, орман өрттері соған дәлел. 

Міндетті медициналық сақтандыру мен міндетті автосақтандыру отандастарымызға таңсық емес. Алайда баспананы сақтандыру туралы пікір әлі екіұдай...

Түркияда тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру жүйесі 2000 жылы енгізілді. Бүгінде халқының шамамен 57%-ы ның баспанасы жер сілкінісінен сақтандырылған. Оңтүстік Корея баспананы сақтандыру деңгейі бойынша әлемде 7-ші, Азияда 3-орында тұр. Ал жапониялықтардың 46%-ы үйін өрттен, 35%-ы жер сілкінісінен сақтандырады екен. Қазақстанда мал-мүлік сақтандыратын 10 шақты ғана компания бар. Өйткені бұл қызметке жүгінетіндер халықтың үш-ақ пайызын құрайды.

Шыңғыс Әміржанов, сақтандыру компаниясының өкілі:

Өзгеріс жоқ. Бұрынғыдай адамдар өз еркімен сақтандыруды іздемейді. Тек «су тасқыны биыл келуі мүмкін» деген хабар келсе ғана адамдар сұрай бастайды. Сақтандыруды көбі қалай түсінеді? Биыл жасаған сақтандыру полисін биыл пайдаланғысы келеді. Одан қайтадан ақша алғысы келеді.

Елде баспана сақтандыру мәдениеті қалыптасса, бюджетке үлкен сеп. Мәселен, 2024 жылы су тасқыны кезінде демеушілер көмектескеннің өзінде, үйлерді қалпына келтіру мен жөндеуге мемлекет 257 миллиард теңге жұмсады. Сондықтан түрлі табиғи апаттардан баспананы сақтандыру ұсынысына 12 мамырға дейін өз ой-пікіріңізді қоса аласыз.  

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу