Бір аптада 3 бірдей науқастың жүрегінде ісік бары анықталып, операция сәтті өтті. Ота елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта минималды инвазивті деп аталатын тың тәсілмен жасалған. Бұл дегеніміз, жүрекке жасалатын операция кезінде қабырға аралық тұстан 5 см тілініп, науқас 2 күнде аяқтан тұрады. Ал бұған дейін науқастың кеуде тұсы 10-15 см кесіліп, операциядан соң айығу уақыты да 10 күнге созылатын. 5 күн бұрын ғана тың әдіспен отаға түскен Павел Фолькин бүгін ауруханадан шығып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ісік көлемі үлкен болғандықтан, операцияға дейін науқастың жағдайы мүшкіл болыпты.
Павел Фолькин, Степногорск қаласының тұрғыны:
3 апта бұрын медициналық тексеруден өтіп, жүректе ісік барын білдім. Жиі ентігіп қала берген соң, қаралған едім. Бірден осы ауруханаға жіберді. Кезек күтіп, қиналған жоқпын. Операция сәтті өтіп, екінші күні-ақ жүріп кеттім. МӘМС арқасында тегін емделдім.
Жүрекке жасалатын отаның минималды инвазивті тәсілі әлемде 10 жылдан бері қолданыста. Ал отандық дәрігерлер тың тәсілді меңгеру үшін 5-6 жылдан бері құрлық асып, біліктілігін арттырып жүр. Ұлттық ғылыми медициналық орталықта биыл осындай 30 операция сәтті жасалды. Енді мамандар бұл тәсілді өңірлерге енгізіп, осы әдіспен жасалатын операциялардың санын арттыруды көздеп отыр.
Алмас Төлегенұлы, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың кардиохирургі:
Жалпы есептеп алғанда, 500-1000 сан адамға 1 ісіктен келеді. Соның 80-90% қатерсіз ісік. Ол миксома деп аталады. Көбіне сол жақ жүрекшеде орналасады. Әлсіздік, есінен тану, ентігу, тағы сондай жүрек жетіспеушілігі болуы мүмкін. Сондықтан уақтылы кардиологқа қаралу, жүрек УЗИ-іне түсіру, ЭКГ, дұрыс мамандандырылған мекемелерден консультация алуға кеңес беремін.
Ақниет Балтанова
