Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке сапары барысында әлемдегі жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың тариф саясатына байланысты келіссөздер жүргізу үшін 90 күндік мораторий жариялау туралы шешімін құптайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ әрине мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды.
Мемлекет басшысы әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін қолдана алатынын айтты. Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ашық сауда қағидаттарын берік ұстанады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасына қатысты пікір білдірді. Біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ.
Шерхан Жамбылұлы
