Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған фельдшерлік акушерлік пункттің қабырғалары қисайып, құлауға шақ қалған. Былтыр Мағжан Жұмабаев ауданы Советское елдімекенінде жаңа нысанның тұсауы кесілген еді. Халық игілігін көріп үлгермеген ғимарат жабық тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, медициналық пунктті әкімдік жұмысшылары мен күзетшілер жөндеп жатыр.
Эльмира Кәленова, тілші:
Құрылыстың қалай болса, солай жүргізілгенін табалдырықтан-ақ аңғаруға болады. Тас төсеме қопарылып, сынып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа ғимараттың жөнделіп жатқанына бір ай болған. Ал әкімдік өкілдері түрлі сылтау айтып, бізге ішке кіруге мүмкіндік бермеді.
Медициналық пункт былтыр желтоқсан айында ашылған. Салтанатты шараға аудан әкімі Рахат Смағұлов қатысып, құрылысы толық аяқталмаған нысанның тұсауын кескен. Жаңа ғимарат наурыз айында ғана іске қосылыпты. Аз уақыт ішінде ішкі қабырғалары қисайып, кафелі жарылған. Салдарынан дәрігерлер бұрынғы жұмыс орнына қайта оралды.
Захар Сушенцов, ауыл тұрғыны:
Бүгін таңғы 08:00-де жұмысқа бара жатқанда есік ашық тұрған. Әкімдік қызметкерлері жұмыс істеп жүрді. Мердігерлерді көрген жоқпын. Жаңа нысан ашылғаннан кейін бір рет баламды әкелдім. Қабырғалар жарылып жатты.
Әкімдік өкілдері «кілттің қайда екенін білмейміз» деген сылтаумен есікті ашпады. Шенеуніктердің не жасырмақ болғанын мына әуесқой кадрлардан көруге болады. Шала-шарпы салынған ғимараттың кірпіш қабырғалары бұзылып, орнына ағаштан жаңасы салынып жатыр. Айнала толған күл-қоқыс.
Былтыр Мағжан Жұмабаев ауданында 5 медициналық нысан ашылды. Солардың бірі - Чистовское ауылында. Медициналық пункттің төбесінен көктемде су сорғалап, қабырғалары көгеріп, сылағы түсіп жатыр.
Лариса Мартынец, Чистовское ауылдық ФАП аға медбикесі:
Жаңа жылдың алдында ашылу салтанаты болды. 8 наурыздан кейін осында көштік. Қабырғаларды өзіміз бояп, есіктерді сырладық. Құрылысы толық аяқталмаған нысанда жұмыс істегіміз келмеді.
Бұл нысан да құрылысы аяқталмай жатып ашылыпты. Ұжым жетекшісінің сөзінше өздері ақша жинап, қажетті материалдарды сатып алған.
Азамат Шәріпов, аудан әкімінің орынбасары:
Техникалық бақылау мына жерді қабылдады. 5 ай өткеннен кейін түсініктеме берілді. Сонда маңайының абаттандырылуын көрмедіңіздер ме? Қар жатты, көрінбеді.
Екі нысанның құрылысына 400 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жауапты тұлғалар аталған олқылықтар бір апта ішінде жойылатынын айтып ақталды.
Эльмира Кәленова
