«Amanat» партиясы Жеңістің 80 жылдығына орай тазалық шарасын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Amanat» партиясы Жеңістің 80 жылдығына орай тазалық шарасын бастады

09.04.2025

«Amanat» партиясы Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше акция бастады. Шара аясында ел аумағындағы ескерткіштер абаттандырылып, айналасы тазартылады. Партия мүшелері тек ірі қалалармен шектелмей, алыс елдімекендердегі мемориалдық кешендерді де назардан тыс қалдырмаған. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ тыл ардагерлеріне де құрмет көрсетілуде.

Экологиялық акция Жетісу облысының Балпық би ауылында да жүріп жатыр. Партия мүшелері мен ауыл тұрғындары әйгілі 28 панфиловшының бірі Мұсабек Сеңгірбаев атындағы саябақты қоқыстан тазартты. Сондай-ақ ескерткішті ретке келтірді. Бұл шараларға отыздан астам адам қатысты.

Қуаныш Жұмат, Көксу аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Барлығы алдағы мейрамға орай жасалып жатыр. Көгалдандыру жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта да жалғасады.

Қарағанды облысы Саран қаласының партия мүшелері тыл ардагерлерін мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстады. Оның арасында биыл 101 жасқа толған Халима Ғабдырахманова да бар. Ардагер соғыс жылдары шахтада жарушы болып еңбек етті. Ал 1950 жылы Киров облысынан Ақтас кентіне қоныс аударған.

Гүлнұр Құлқаева, Саран қалалық мәслихатының депутаты:

Халима апамыз өмір бойы осы Ақтас қаласында тұрып келеді. Кішкентай кезімізден бізге ақыл-кеңестерін айтып, қолындағы барымен бөлісіп отыратын. Осындай ардагерлерімізді бар кезінде бағалауымыз керек.

Бұл Хромтау қаласындағы «Отан ана» ескерткіші. Тазалық акциясына «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, бастауыш ұйым төрағалары мен партияның аудандық филиалының қызметкерлері қатысты. Олар нысанның айналасын қоқыстан арылтып, қоршаулар мен тас қабырғалардың шаңын сүртті. Шара соңында батырлар рухына құрмет көрсетіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Ұлттық арна


Хабарламаларға жазылу