Алматыда тұрғын үйдің күзетшісін ұрған күдікті ұсталды. Полиция ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Оқиға куәгерлерінің сөзінше, көлік жүргізушісі шлагбаумның тез ашылмағанына ашуланып, сигнал бере бастаған. Күзетшінің ескерту айтқанына ер адам ызаланып, жұдырық ала жүгірген. Бұл жағдай өткен сенбі күні тапа-тал түсте балалар мен тұрғындардың көзінше болған. Жарақаттанған күзетші ауруханаға жеткізілді. Науқасқа медициналық көмек көрсетіліп, жергілікті емханасында емделуге жіберілген.
Күзетшіні аяусыз ұрып-соққан бұл алғашқы жағдай емес. Еске салайық, былтыр көктемде Алматыдағы элиталық «Меркур Тауэрс» көпқабатты үйдің тұрғыны мас күйінде көлік тізгіндеп, күзетшіні әдейі бірнеше рет қағып, артынша ұрып өлтірген еді. Атышулы іске қатысты сот отырысы қайта-қайта шегеріліп жатыр. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты отырыстың 9 сәуірге қалдырылғаны туралы ақпарат таратты.
Жазира Оразқызы
