Орманға қорған болғандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орманға қорған болғандар

29.03.2025

Солтүстік Қазақстан облысында 500 мың гектар орман алқабы бар. Бұл аймақта 600-ге жуық орманшы табиғаттың баға жетпес байлығын қорғап, келешек ұрпаққа жеткізу үшін қызмет етеді. Олар орманды ғана емес, тұтас экожүйені: жасыл желек, жануарлар әлемі мен құстарды да өз қамқорлығына алған.

Солтүстік Қазақстан облысында 12 орман шаруашылығы бар. Ең ірілерінің бірі Петропавл қаласында. «Қызылжар» орман шаруашылығында 100-ге жуық адам еңбек етеді. Ұжым ағаш қорын қорғап қана қоймай, тиімді пайдалану және көбейту үшін аянбай тер төгеді.

Қайрат Қалықов, «Қызылжар» орман шаруашылығының директоры:

Табиғатты сүю ең бірінші балалық кезден басталады. Бала кезден ауылда өскендіктен табиғатта көп жүгірдік, көп болдық. 14 жылдан бері осы мамандықты таңдап, осы мамандыққа оқып, осында қызмет жасап жатырмын. Орман қоры ел бойынша бізде аз мөлшерді алып жатыр. Біз ұрпағымызға табиғатты аялап, мұра ретінде қалдыратын болсақ, ұрпағымыз да өздерінің бала-шағасына молықтырып жеткізеді.

Көктемде орманшылар үшін жауапты кезең басталады. Өйткені сәуір, мамыр айларында өрт қаупі жоғары. Қыс мезгілі жарты жыл жалғасатын теріскей өңірінің орманшылары тыным таппайды. Күз бойы сыпырғыш әзірлеп, қыста жануарларды қолдан азықтандырады.

Әлік Мұрсәлім, орманшы:

Іліп отырамыз, азық болсын деп, еліктерге. Бұл вениктерді лесниктер өздері дайындайды. Бір лесникке 50 веник.

Көктеммен бірге келетін жыл құстарын да орманшылар қарсы алады. Өздері ұя жасап, ағаштарға іледі. Жаз бойы жұмыртқа салып, балапан шығарғанын бақылап жүреміз, дейді табиғат жанашырлары.

Вячеслав Салтыков, орманшы:

Көктемге жақын құстарға ұя жасап, ілеміз. Қала маңындағы ормандарда демалушылар көп болады. Олар соңынан қоқыс қалдырып кетеді. Барлығын біз жинаймыз. Адамзат қоршаған ортаға қамқорлықпен қарағанын қалаймын.

Орманшылар орман тазалығын да қамтамасыз етеді. Мәселен, мына алқапта былтыр өрт болған. Кәдеге жараған ағаштар отынға пайдаланылады, жарамағаны – жиналып, жер құрғамай өртеледі. Орнына жаңа көшеттер отырғызылып, тіршілік қайта жанданады.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу