Мәскеуде Төлеген Айбергеновтің шығармашылығына арналған кеш өтті

24.11.2017

Ақын Төлеген Айбергенов арамызда болса, биыл 80 жасқа толар еді. Ұлттық әдебиетімізде құйрықты жұлдыздай ағып өткен талант иесін кеше Мәскеу жұртшылығы еске алды. Ресей астанасындағы Ұлттар үйінде Төлеген Айбергеновтің шығармашылығына арналған кеш өтті. 

Төлеген Айбергенов - қазақ поэзиясында биік шыңға шыққан ақын. Ол өзінің қысқа ғұмырында халқына мол мұра қалдырды. Төлегеннің өзі кеткенмен, соңында асау жыры қалды. Сол себепті, қазақ өлеңіне өзіндік әдемі өрнегімен келген талантты ақын, күні бүгінге дейін ел есінде. Мәскеуде өткен шығармашылық кеші - соның дәлелі.

Салтанат Айбергенова,  Т.Айбергеновтің қызы:
 - Өзі 30 жыл ғана өмір сүрсе де, оның поэзиясының ұмытылмай келе жатқанына биыл 50 жыл толды. Алдағы уақытта да осы халық бар жерде, ел бар жерде әкемнің шығармашылығы жоғалмайды. Әрі қарай да жалғаса береді, жастар да іздейді деген үміттеміз. 

Төлегеннің жырларын жас та, жасамыс та сағынды, іздеп келді. Әсіресе, қазақ поэзиясына сусап жүрген мәскеулік қандастарымыз үшін бұл кеш ерекше әсерлі болды.

Жарқын Өтешова, Мәскеудегі «Астана» қорының президенті: 

 - Төлеген ағаның өлеңдері сияқты бір ағымда өткен, әдемі кеш болды деп ойлаймын.  

Кеш барысында ақын жайлы естеліктер айтылып, оның өлеңдерін жырсүйер қауыммен бірге, Төлеген Айбергеновтің өз қыздары да жатқа оқыды. Ал, Сәуле Жанпейісова, Роза Әлқожа сынды елден келген өнерпаздар ақынның өлеңіне жазылған танымал әндерді тамылжыта орындады. 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу