Дарынды балаларға арналған мектепте Абай шығармашылығына арналған кеш өтті

17.01.2020

Алматыда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасып жатыр. Ұлы ақынды дәріптеп, кеңінен таныстыру үшін Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте тағылымды кеш өтті. Жас өнерпаздар хакімнің әндерін орындап, концерт қойды.

Белгілі ақын Иран-Ғайып 90 жылдары Абай туралы пьесса жазған драматург. Мұхтар Әуезовтан кейін ешкімнің жүрегі дауаламаған тақырыпты қолына алуы, ұзақ уақытқа дейін маңдайына таяқ болып тиген екен. Замандастарының біразы сол кезеңде кереғар пікірде болғанымен, қазір Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында сол дәуірдегі еңбегінің жарық көргеніне шын қуанады. Тіпті, Мемлекет басшысының Ұлы ақын туралы жаңа бастамасына да дән риза. 

Кеште оқушылар Абайдың шығармалары мен қара сөздерін талқылап, адамзат туралы айтқан ойларын ортаға салды. Пікір алмасты. Бұдан кейін дарынды балалар көрермен үшін айрықша концерт қойды.  

Абай - жаңа буынның ұлағатты тәлім-тәрбие алып, ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру жолында жаңа белес болатындығы сөзсіз, дейді ақын Иран-Ғайып. Ұлы тұлғаны құрметтеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру жастардың өрлеуіне жол ашады. 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу