Петропавл тұрғындары дәрігерге қаралу үшін айлап кезек күтуге мәжбүр. Әсіресе ультрадыбыстық зерттеу жасайтын кабинеттерге талон алу қиын. Көпшілік таңғы 6-дан емханаға келіп, кезекке тұрады. Алайда бәрі бірдей өзіне қажет дәрігерге жолдама ала алмайды.
Шынар Ибатуллина бірнеше айдан бері емхана табалдырығын тоздырып жүргенін айтады. Қаңтарда кардиологқа жазылған. Бүгін кабинет алдында бірнеше сағат кезек күтіп, дәрігер қабылдауына кіре алмай үйіне кетіп барады.
Шынар Ибатуллина, қала тұрғыны:
Бір ай тостым, бір айдан кейін басқа кісі тіркелген деп айтты. Бір күнге бір сағатқа екі кісіні жазып қойыпты, регистратурада. Сағат 6-дан келіп тұрасың. Жаздыгүні мысалы. Қыстыгүні мен 6-да келе алмаймын. Суық мына далада тұруға.
Бұл №3 қалалық емхана. 64 мыңға жуық адам тіркелген. Әсіресе таңғы уақытта дәлізде ине шаншар жер болмайды. Денсаулық сақтау мекемесі күніне орта есеппен 500 адамды қабылдайды.
Саяш Хайрулина, қала тұрғыны:
УЗИ-ге өту үшін 2 ай, 3 ай бұрын жазылу керек. Оны мен білемін. Өйткені менің жолдасым солай жазылған. Мен мұғаліммін, бүгін сұранып, 11:40-та сабағыма дейін өтіп кетейін деп келгем, міне әлі тұрмын, білмеймін. Бүгін соған жазыла аламын ба жоқ па әлі.
Салдарынан науқастар жекеменшік емханаларды жағалауға мәжбүр. Денсаулық сақтау мекемесінің басшылығы бұл проблеманы маман тапшылығымен байланыстырады.
Ертай Тасболатов, №3 қалалық емхана директорының орынбасары:
Дәрігер тапшылығы бар. Бірінші өзекті мәселе ол – учаскелік дәрігерлер. Екіншіден, невропатолог, гинеколог. 3 гинеколог бізде бала күтімі демалысында. Дәрігердің жетіспегендігнен талондардың қысқаруы секілді себептер болады.
Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласы жас мамандармен толығып келеді. Дегенмен 150-ге жуық дәрігердің орны әлі де бос тұр. Теріскейге еңбек етуге ниетті мамандарға 8,5 млн теңгеге дейін әлеуметтік төлем жасалады. Аудан орталықтары мен шалғайдығы елдімекендерге барғандар баспанамен қамтылады. Алайда мәселе түбегейлі шешімін таппай тұр.
Эльмира Кәленова
