Көктемнің алғашқы мерекесін Алматы облысының тұрғындары да сән-салтанатпен қарсы алды. Өңір орталығы Қонаев қаласында шаһардың дамуына атсалысып жүрген азаматарға алғыс айтылып, сыйлықтар табысталды.
Айтулы мерекеде Қонаев қаласының тұрғындары бір-біріне алғыс айтып, ақ тілектерін арнады. Мерекелік шараға келушілерді күтіп алған мектеп ұжымы өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын үлестірді. Қонақтардың назарына түрлі ұлт өкілдерінің қолынан шыққан заттардан көрме ұйымдастырылды. Қала әкімі Асхат Бердіханов қала халқына ризашылығын білдіріп, ел дамуына атсалысқан жүрген азаматтардың еңбегі ерен екенін атап өтіп, оларға алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.
«Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрмет», - дейді шараға жиналғандар.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қонаев қаласының өнерпаздары әннен шашу шашып, би билеп, халықты бір марқайтып тастады. Қала халқының айтуынша, бұл мереке – қиын кезеңді иық тіресе бірге еңсеріп, еліміздің даму жолында аянбай тер төгіп жүрген барлық қазақстандықтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні.
Қуан Нұрақын
