БҚО бөгеттері жобалық құжаттамасыз салынған
Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы мен Бәйтерек ауданындағы бөгеттердің құрылысы жобалық құжаттамасыз салынған, мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Өңірде 25 гидротехникалық нысан иесіз, қараусыз жатыр.
Бұл олқылықтар прокуратураның тексерісінен кейін анықталды. Облыста 57 қорғаныс бөгетінің құрылысы аяқталып келеді. Ал Бәйтерек ауданында 19 бөгеттің жобасына жеке мекеме сараптама жүргізген. Заңнама бойынша бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс. Сондай-ақ Оралда 8 бөгеттің құрылысы құжатсыз әрі жер учаскесі алдын ала белгіленбей салынған. Әбден тозған гидротехникалық нысандар «Батыс ирригация» мемлекеттік кәсіпорнының иелігіне берілмеген. Бұл кәсіпорын тікелей Президент тапсырмасымен былтырғы тасқыннан кейін құрылған еді. Тасқынға қарсы іс-шаралар жоспарын орындамаған 7 лауазымды тұлға тәртіптік, екеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дәурен Омарғалиев, облыс прокурорының бірінші орынбасары:
Орал қаласы мен Бәйтерек ауданының әкімдері бұзушылықтарды тез арада жоюы керек. Атап айтқанда, Бәйтеректе жобаларды мемлекеттік сараптамадан өткізу керек. Ал Оралда жобалау-сметалық құжаттама жасап, сараптама жүргізіп, жер учаскелерін рәсімдеу қажет. Содан соң бөгеттердің сәйкестігіне техникалық тексеруді ұйымдастыру керек.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
