МӘМС төлемегендер де онкоскринингтен тегін өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

МӘМС төлемегендер де онкоскринингтен тегін өтеді

19.02.2025

Енді МӘМС төлемегендер де онкоскринингтен тегін өтеді. Ал микротия диагнозымен дүниеге келген балаларға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Яғни, бір құлағы жоқ, есту қабілеті төмен балаларға арнайы аппараттар тегін берілетін болады. Бүгін Мәжіліс депутаттары осындай халыққа пайдасы көп маңызды заң жобасына түзету енгізіп, қабылдады. Парламенттен әріптесім Самал Қабышева толығырақ.

Расымен де, сүйіншілейтін жаңалық. Себебі бұған дейін МӘМС төлемі жоқ жандар онкологиялық тексеруден тегін өте алмайтын. Салдарынан қатерлі ісігі дендеп, онкологиялық ауруы жеңіп шығатын. Өлім-жітім көп еді. Енді елімізде онкологиялық скринингтік тексерулер кез келген адамға тегін болады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

МӘМС-пен қамтылмаған азаматтардың енді ақысыз онкология бойынша скрингтен өту мүмкіндігі бар. Бұл Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмектің ішіне кірді. Бұл - өте үлкен жеңіс. Бюджет бұған қосымша қаражат бөлді. Үкіметпен талқылап, бір мәмілеге келдік. Бұл - депутаттардың бастамасы.

Тағы бір жақсы жаңалық. Енді «микротия» «атрезия» диагнозымен дүниеге келген балаларға мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Мұндай диагноздағылар құлақсыз немесе құлақтары бітеу болып дүниеге келеді. Өкініштісі сол, олардың барлығына бірдей мүгедектік те беріле бермейді. Осындай диагнозы бар балаға да, ересек жанға да есту аппараттары тегін беру мәселесі заңмен қарастырылуда.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Енді жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер өздерінің аумағындағы, облысындағы құлақ мүкістігі бар, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтардың ересегі болсын, баласы болсын барлығына құлақ аппаратын алып беруі заңмен міндеттеледі. Және оны уақыты келгенде, 5 жыл мерзімде, ауыстырып беруге міндеттеледі.

Денсаулық сақтау саласындағы нормаларды жетілдіруге қатысты заңға осындай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда қаралған осы заң жобасын бірауыздан қолдап, мақұлдады.

Самал Қабышева, тілші:

Медицина кітаптан оқытып отыратын сала емес. Практика да, теорияда қатар жүруі тиіс. Сондықтан оқыту тетігін жіті жетілдіруіміз керек деген депутаттар заңға тағы бір өзгерту енгізді. Жаңа заң жобасына сәйкес енді ғылыми-зерттеу институттары резидентура бойынша оқыту құқығына ие болады.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу