Басты Жаңалықтар Өртенген Семей орманы қалпына келтірілуде

Өртенген Семей орманы қалпына келтірілуде

Семейде Республика күні қарсаңында экологиялық акция өтті. «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттері отырғызылды. Бұл бастама өткен жылы Абай облысында болған ірі орман өртінен кейін табиғи алқаптарды қалпына келтіруге бағытталған. «Семей орманы» табиғи резерватының жалпы аумағы 657 мың гектарды құрайды. Оның 68 пайызы орманмен көмкерілген. Биылдың өзінде орман дақылдарын отырғызу көлемі 5300 гектар болып жоспарланған. Көктемде 4800 гектар аумаққа 19 мыңнан астам ашық тамырлы көшет егілген. Бүгінгі акция Семей филиалының Каштак орманшылығында өтті. Бұл аймақ қала орталығынан шамамен 35 шақырым жерде орналасқан. Орманды қалпына келтіру жұмысына жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер белсене қатысты. Бір күннің ішінде олар мыңнан астам қарағай көшетін екті.

Қазыбек Әметов, «Семей орманы» табиғи орман резерватының бас директоры:

2023 жылы жанып кеткен қарағайдың орнына қалпына келтіру жұмыстары бүгінгі күнде жалғасып жатыр және өзіміздің Семей өңіріндегі жекеменшік кәсіпкерлердің қолдауымен және резерваттың инспекторларымен бірлесіп, бүгінгі күні орман көшеттерін отырғызып, қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылуда.


Бөлісу