Жамбылда жасы 60-тан асқан ақсақал темірден түйін түйеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда жасы 60-тан асқан ақсақал темірден түйін түйеді

18.02.2025

Жамбылда жасы 60-тан асқан ақсақал темірден түйін түйеді. Кәсіптік колледжде студенттерге сабақ та береді. Айналасына темір жонушы болып танылған Ғалымжан Сүгіралиев металды қиыстырып қана қоймай, дәнекерлейді, тіпті құрастырмалы құрылғылардың да авторы. Бесаспап еңбек адамымен Данияр Әлімқұл жүздесіп қайтты.

Ғалымжан Сүгіралиев осылай білгенімен бөлісіп, студенттерге дәріс оқиды. №9 кәсіптік Меркі колледжінде ширек ғасырға жуық темір жону бойынша ұстаздық етеді. 20 жасында токарлықты меңгеріп, болаттан бұйым жасауға машықтанған. Ол темірге тіл бітіру үшін қолмен емес жүрекпен жұмыс істеуді үйрендім дейді.

Ғалымжан Сүгірәлиев, темір жонушы:

Мен осы жұмыс істеген кезде, өз-өзіме разы боламын. Осындай жұмысты істеп жүргеніме. Адамда бір шабыт келеді дейді ғой. Мынау да бір кітап сияқты. Жақсы кітапты қалай оқысаң, мына жұмысты да солай істей білу керек. Темірден қорықпау керек. Темірмен кәдімгі өзіңнің досың сияқты, сырласып жүрген адам сияқты бір-біріңді түсініп істесең тірлігің қашанда көңіліңнен шығады.

Ақсақал ауласының алдынан шағын шеберхана ашқан. Темір жону бойынша тәлім алатын шәкірттері тәжірибе де жинағысы келеді. Сол үшін қарт ұстазға қайырылып, үйіне де іздеп келеді.

Байрам Байрамов, 3-курс студенті:

Темірлердің түрлерін, қай түрге бөлінетінін, темірмен қалай жұмыс істеу керек екенін үйретті, әлі де үйреніп жатырмыз. Үйренетін заттарымыз өте көп. Бұл кісінің бізге ұстаз болуы үлкен мақтаныш, бұл кісіге шәкірт болу бізге үлкен мәртебе.

Қазір қария ескі тракторды жөндеп, егіс дәніне арнап елек құрастырып жатыр. Тұқымды тазалайтын құрылғы қозғалтқышын кіржуатын машина моторынан жасаған.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Түрлі металдан түйін түйген шебер токарьлық құрылғыда жұмыс істеуден бөлек, темір дәнекерлеумен айналысады. Мұны Ғалымжан ақсақал 30 жасында өз бетінше үйреніп алған.

Бесаспап ақсақал енді үйінің шатырын трансформациялық тәсілмен ашылып-жабылатындай етіп жасамақ. Қария оны арнайы механизм арқылы құстың қанатын қомдағандай етіп сомдауға болады дейді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу